Имамдар – ғибрат көрсетер тұлғалар
Ұлы Ахаңның ұлағаты
– Бахытбек Нұрғабылұлы, былтыр Алаштың ардақты перзенті, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы елімізді былай қойғанда, ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілді. Күллі түркі тілдес халық оған ерекше құрмет көрсетті. Өзіңіз басқаратын өкілдіктің мұрындық болуымен де бірқатар тағылымдық-тәлімдік шара ұйымдастырылды. Осы жайлы да қысқаша айтып өтсеңіз.
– Ахмет Байтұрсынұлы өзінің білімдарлығымен, даналығымен, қайраткерлігімен және ұлтжандылығымен артына өшпес із қалдырған аса көрнекті тұлға. Ол бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқы мен жұртының жарқын болашағына арнады.
Өткен жылы сіз сауалыңызда айтып өткендей, қайталанбас ғұлама бабамыздың мерейтойы бүкіл түркі тілдес бауырлар мен ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілді. Республикамыздың бірқатар қаласында ескерткіштер орнатылып, жастарға берері мол шаралар ұйымдастырылды. Баспалардан құнды кітаптар жарық көрді. «Қазақстан» телеарнасынан деректі фильм көрсетілді.
Осынау тұлғаның 150 жылдығы облыстық өкілдіктің ұйытқы болуы және жоғары оқу орнының қолдауымен Ахаңның есімі берілген Қостанай өңірлік университетінде «Ахмет Байтұрсынұлы және Қазақ руханияты» деп аталатын республикалық конференция ұйымдастырылды. Оған белгілі дін қайраткері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының найб мүфтиі Сансызбай қажы Құрбанұлы қатысып, Ұлт ұстазы жөнінде тебірене сөз сөйледі. Оның терең ойларын барлық қатысқан қауым ұйып тыңдады.
Сонымен қатар, облыстық мешітте Ахмет Байтұрсынұлына арналған кітапхана есігін айқара ашты. Оған жамағат мен келуші мұсылман ағайынның таным көкжиегін кеңейтетін қаншама құнды рухани дүниелер қойылды.
Қайырымдылық – ең ізгі қасиет
– Жоғарыда өзіңіз атаған аса маңызды жеті бағыттың бірі – уақып және қайырымдылық екендігі белгілі. Бұл орайда жүзеге асырылған шаралар жеткілікті. Сондықтан осы мәселе хақында да сөз етсеңіз.
– Менің ұғымымда қайырымдылық адам бойындағы ең асыл қасиеттердің қатарына жатады. Сол себептен де барлық деңгейдегі имамдар күнделікті жұмыстарында бұған айрықша көңіл бөледі.
Әрине, аталмыш маңызды мәселе бойынша бірнеше жоба қолға алынып, дін қайраткерлері көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Олардың тақырыптарына келетін болсақ, «Тайқазан», «Қолдан – қолға», «Ел үлесі – пәтер», «Үміт сыйла», «Жетім көрсең, жебей жүр», «Қайырымды жұма», «Өмірге үміт сыйла» және басқалар.
Апат ешқашан да айтып келмейді. Барыс жылы Әулиекөл ауданындағы Аманқарағай елді мекенінде тілсіз жауды кесірінен қалың орман отқа оранды. Осы кезде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап барлық ел азаматы үлкен жанашырлық танытты.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл күтпеген қиындық та артта қалды. Аталған ауылда 91 жаңа тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Елді мекен «Бірлік» шағын ауданы деп аталды. Осы атаудың өзі біраз жайдан хабар беріп тұрған жоқ па.
Әлгі апатты жағдайды ауыздықтауға өрт сөндірушілермен қатар Бас мүфтидің үлгісімен өңірдегі барша дін қызметкерлері белсене атсалысты. Жан-жақтан келіп түскен қайрымдылық көмектерін зардап шеккен ағайынға дер кезінде үлестіріп беруге жергілікті имамдарымыз да аянып қалған жоқ.
Мен бұл жерде күллі мешітте ұйымдастырылған акциялар мен ізгі мақсатқа арналған қайырымдылық шараларын тілге тиек етіп отырған жоқпын. Өйткені, олардың бәрі де қалың жұртшылықтың көз алдында өтіп жатыр.
Жасыратын ештеңесі жоқ, былтыр Қостанай ауданына қарасты Жамбыл ауылында жасөспірім қыздың аянышты тағдыры жүрегінде иманы бар әрбір жанды бейжай қалдырмады. Оның отбасымен бірге күллі үлкенді-кішілі қауымның қабырғасы қайысты.
Қайғыдан қара жамылған отбасының ауыртпалығына мүмкіндігіміз келгенше жеңілдетуге тырыстық. Халықтан едәуір қаржы жиналды. Сондай-ақ, облысымыздағы «OLZHA AGRO» өнеркәсіптік холдингі қомақты қаражат бөлді.
Міне, осындай нақтылы қолдаудың арқасында Мәдина қызымыздың жанұясына Қостанай қаласындағы Әуе-
жай шағын ауданындағы көп қабатты үйден 3 бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Сөйтіп, олардың қайғысына ортақтасып, аз да болса игі септігімізді тигіздік.
жай шағын ауданындағы көп қабатты үйден 3 бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Сөйтіп, олардың қайғысына ортақтасып, аз да болса игі септігімізді тигіздік.
Астанадағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағы жыл қорытындысына арналған төралқа мәжілісінде 22 номинация бойынша үздіктердің есімдері аталып, лайықты марапат жасалды.
Мәселен, облыстық мешіттің найб имамы, Зекет және қайырымдылық қорының жетекшісі Бақытжан қажы Икрам «Жылдың қайырымды имамы» атанды. Бұл өңірдегі барша әріптесімізге көрсетілген құрмет әрі жыл бойы осы мақсатта атқарылған тынымсыз жұмыстарына берілген жоғары баға деп түсінгеніміз абзал.
Баршаға мәлім, еліміздің солтүстік өңірлерінде өзге аймақтарға қарағанда қыс ұзақ болады. Бұл кезең әсіресе, жалғыз басты әрі қамқорлыққа мұқтаж көп балалы отбасыларға оңай түспейді. Соны ескере отырып, аудандар мен қалалардағы мешіттердің имамдары «Жылулық сыйла» жобасы аясында елді мекендердегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған шаңырақтарға отын-су түсіріп беруді дәстүрге айналдырған. Бұған «Жайлаубай ата» және «Маңдай батыр» мешіттерінің нақты жұмыстары үлгі боларлықтай.
Имамдарға жүктелер жүк ауыр
– Жылдық есебіңіздегі келтірілген деректер мен дәйектерге сүйенсек, барлық салада атқарылған істер өте ауқымды. Олардың бәрін тілге тиек етсек, басылым көлемі көтермейді. Дегенмен де соларға аз-кем тоқталсаңыз.
– Дұрыс айтасыз, бір сұхбатта дін қызметкерлерінің бойындағы қажыр-қайратымен, білім-білігімен, талпыныс-ізденісімен жүзеге асырылған жұмыстарды толық баяндап шығу әсте мүмкін емес.
Ең бастысы, қол жеткенге тоқмейілсіп, бір орында тоқтап қалмайтындығымыз айдан анық. Өткен жылы «Халал даму» мекемесінің қызметі жандана түсті. Өңірімізден 7 адам үлкен,
21 кісі умра қажылығында болды. Жастар ісі және әйел-қыздар секторларының көрсеткен өнегелері көпшіліктің есінде қалды.
21 кісі умра қажылығында болды. Жастар ісі және әйел-қыздар секторларының көрсеткен өнегелері көпшіліктің есінде қалды.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) туған күнінің құрметіне байланысты ұйымдастырылатын «Мәуліт айы мүбарак болсын!» деген тақырыпта рухани кеш өткізу дәстүрге айналды.
Ерекше атап өтер жай, былтыр Қостанай облыстық мешіттің екінші қабатында заман талабына сай «Мұнара ТВ» жобасы аясында «TAZA BULAQ media» орталығы ашылды. Оның салтанатты ашылу рәсімінде Бас мүфти қатысып, ізгі тілегін білдірді. Наурызбай қажы Тағанұлынан діни басқарманың ақпарат бөлімінің меңгерушісі, белгілі журналист Ағабек Қонарбайұлы сұхбат алып, көпшіліктің назарына ұсынды. Содан бері медиа орталығының жұмысы жұртшылыққа кеңінен танылды.
– Бұрын халық арасында «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді» – деген құлаққа түрпідей тиетін жағымсыз сөздер жиі естілетін. Қазір бұл пікірдің мәні мен мазмұны да түбірімен өзгерді. Тәуелсіз алған 30 жылдан астам уақыт ішінде Ислам дініміз арамызға оралып, имамдардың беделі арта түсті. Осы жайлы да пікіріңізді білдерсеңіз артық болмас еді.
– Уақыт өткен сайын руханиятқа, оның ішінде дінімізге деген сенім мен құлшыныс артып келе жатқаны белгілі. Қазіргі таңда имам тек ғана дін қызметкері емес, ол қоғамды тәрбиелеуші әрі ағартушы ұстаз ретінде кеңінен жиі айтыла бастады. Шын мәнінде солай емес пе! Бұл жауапкершілігі мол мамандық иелері жан-жақты білімді, парасатты да жұртты соңынан ерте білетін абыройлы азаматтар болуға тиіс. Өйткені, олар өскелең ұрпақты отаншылдыққа, еңбексүйгіштік пен ата-анасын қадірлеп, қастерлеуге баулуда ерекше орын алады.
Бұл жөнінде Бас мүфтиіміз алқалы жиындарда айтып, басылымдарда ой салар құнды мақалаларын жариялап жүргені көпшілікке аян. Біздің алдағы мақсатымыз – әрқашан да аманатқа адалдық танытып, күнделікті қызметте тиісті талап биігінен көріне білу.
Әңгімелескен Оразалы Жақсанов