КӨГІЛДІР ТАҢ (әңгіме)

абуталип
Әбутәліп Әмір – "Көгілдір таң", "Қызбел" атты прозалық жинақтардың авторы. Мамандығы – оқытушы 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Ең соңында екеуміз ғана қалдық… Жанып бітуге айналған құрғақ ағаштың шоғы сырт-сырт етіп сөніп барады. Әлгінде ғана лаулай жанған ортадағы оттың сарғыш сәулесі жұққан төңіректегі заттардың бәрі әп сәтте түннің жібек көйлегін киіп қарауыта қалған. Жатақхана терезелерінің жарығы өшіп, тек ас үйдің ғана шамы жанып тұр.
–         Тауға баралықшы, – дедім мен. – Өткенде барамыз демеп пе ек?!
Екінші қабаттағы айқара ашық біздің бөлменің терезесінен гитарада ойнаған Қанаттың сұлбасы қарауытады. Алты шектен алыстағы асылын аңсаған жанның сағыныш толы мұңы  әдемі әуен болып төгіліп жатыр…
–         Кеттік пе? – деймін мен Динараға қарап.
–         Мына отты сөндіру керек қой, –  дейді ол. Мен анадай жердегі темір бөшкеден бір шелек су құйып алдым да, әлгінде айналасында отрядтың қыз-жігіттері отырған от-алауға құйдым. Су тиген қоламта бор етіп, түтін аралас күл тозаңы жоғары көтерілді.
Тау қойнауына сұғына еніп жатқан шағын қаладан шығатын тас жолмен қол ұстасқан күйі ұзап барамыз. Күндізгі у-шудан соң дамылдаған қаланың түнгі оттары әр жерден бір жылтырайды. Орталық көшені бойлай сап түзеген тас бағандардың басынан төгілген сүт сәулелер бос көшені онан сайын кеңейте түскендей. Жұптасқан біздің қос көлеңкеміз біресе зорайып, біресе қысқарып, біресе алдымыздан, біресе арттан орағытады. Көшенің қилысындағы бағдаршамның сарғыш көзі бізді жыпылықтай ұзатып салып тұр. Міне, көпірге де жеттік. Сай табанындағы майда тастарды мәңгі жуудан талмайтын, тау басынан құлай аққан мөлдір судың толассыз сылдыры қою қараңғылыққа жұмбақ назды астар беріп, желсіз ауаға сықылықтай тарап жатыр…
Көпірден өткесін еңіс басталды, біз бірте-бірте төмендей түстік. Аздан соң бүкіл қала әлгінде ғана біз өткен доға дөңнің тасасынан көрінбей кетті де, аспанда ақшағырмақ сәуле шашырап қалды. Барқыт түннің сұлулығын қала оттарымен бөліскен аспан шырағдандары енді бар билік өздеріне тигесін, әдеттегінден де гөрі жарқырай түседі…

утро

Қарсы алдымызда, сонау алыста, қараңғылықпен астасып кеткен қыраттардың үстінен телемұнараның қызғылт ноқаттары көзге шалынады. Жол жиегінен әріректе жылқының пысқырғаны, кішкене жез қоңыраудың сыңғыры талып естіледі. Межелі жерге жеттік-ау дегенде, көтерме жолдан түсіп, сол қанатты бетке алып, қара отты алқаппен тауға тіке тарттық. Көкжиекті жапсарлай қонақтаған жұлдыз атаулының бәрін еңселі де, маңғаз тау шатқалдары тасалаған. Алдымызда меңіреу қараңғылық.
–         Қараңғыдан қорықпайсың ба, жаным? – деймін мен оны өзіме тарта түсіп.
–         Жоқ. Мен сенімен бірге неменеден қорқуға тиіспін?- Солай дейді де, ол менің уысымда келе жатқан кішкене саусақтарын сенім арта қимылдатып қояды. Менің бойымды алапат бір қуат кернеп, кеудемді толтырған мына күшті, қуанышты қайда қоярға білмеймін… Құшағыма Динараны алып, кеңістікке көтеріліп қалықтай жөнелгім келеді.
Тоқтаусыз жүрістен бойымыз бусанған біздер таудың етегінде тұрмыз.
–         Осы жерде ме біздің балалардың тасқа аттарын ойып жазып жүргендері?
–         Иә, әне бір мүйісте, – мен жоғары жақты мегзеймін, – қалаушылар бригадасы ғой.
–         Бетоншылар да жазамыз деп жүр ғой. Ал, әлгі ежелгі адамдардың таңба салған тастары қай тұста? Сен маған көрсетем деп ең ғой…
–         “Кестелі тастар” ма? Олар бұл жақта емес. Олар жолдан бұрыс, қаласаң ертең ертіп апарайын.
–         Жоқ, тағы бірде барармыз.
–         Екеуміздің атымызды бір тасқа мәңгі өшпейтіндей қылып жазайын, айтшы, тамаша емес пе?
–         Қой ұят болар, танитын біреулер оқып жүрсе…
–         Оқи берсін, мен сол оқу үшін де жазам, білсін біздің бір-бірімізді сүйетінімізді.
–         Мақтаншақ! – дейді ол күліп.
–         Мейлі.
Сосын аңғарын қалың шілік бұталары жауып кеткен жіңішке өзекшенің бойымен тауды қапталдай қол ұстасқан күйі жоғары көтеріле бастадық. Әр жерден дөңкиген тастардың меңіреу сұлбалары зорайып жақындай түседі… Қараңғылық күпісін бүркеніп, үрей шаша түнерген жықпыл-жықпыл тастардың арасынан өткен сайын ол маған тығыла түседі. Мен оның тершіген нәзік саусақтарын жаныңда тірегің бар, қорықпа жаным, дегенді сездіре, қысып қоямын…
Маңдай алдымыздан жүзімізді жұп-жұмсақ қана еркелете сипап, таудың кәусар ауасы есті.
–         Міне тауға да жеттік, – деді ол жас балаша шаттанып.
–         Шаршаған жоқсың ба?
–         Түк те.
Екеуміз де ентіге дем аламыз, тұла бойымыз бусанып, денемізді жағымды бір қалжырау сезімі билейді. Сонау етекте қайтадан қала оттары пайда болып, төбемізде жылы шыраймен күлімдеп, көгілдір жұдыздар төніп тұр. Енді қайтерімізді білмегендей біздер бір сәт үнсіз дағдарып қалдық.
–   Балалар әлдеқашан ұйықтап жатқан шығар, – дейді Динара тау балағына ойлана қарап тұрып.
–         Ал, біз, екеуміздің таңымызды қарсы аламыз.
–         Біздің таңымызды.
–         Иә, біздің таңымызды.
Түн ортасы ауып кетсе де бойында жылу табы қалған кішкене қойтасқа қатар сыймадық. Динара менің тіземе отырды. Танауымды күн иісі сіңген бұрымның жұмсақ әтірмен араласқан жағымды, Динараға ғана тән иісі қытықтайды. Әлдеқайдан самолет гүрілі естілді. Екеуміз де сол жаққа қарадық: қанатына қызыл шоқ байлаған әуе кемесі алысқа бет түзепті. Менің сонда кетіп бара жатқан жолаушыларға сәт сапар тілеп, қандай да бір жылы сөз айтып, айғайлағым келеді…
Таудың кеңсірік жарар самал ауасын құшырлана жұтып, шалқамнан жатырмын. Аспан күмбезінде жыпырлаған сансыз жұлдыздар менің көкейімде ойналып жатқан ғажайып әуеннің ырғағымен билеп жүргендей.
–         Түк-түк, түк-түк… О, жүрегің қалай дүрсілдеп жатыр, – дейді Динара құлағын менің кеудеме тақай түсіп.
–         Естисің бе, ән салып жатыр… Әне, қарашы, қарашы… жұлдыздарды айтам, үлкен бір симфония ойналып жатқандай емес пе?
Ол алдымен таңырқаған жүзбен маған, сосын бұрымы тарқатылып кеткен басына менің білегімді жастана, аспан сахнасында иін тіресе, жыпырлаған жұлдызды аспанға көз тігеді. Көкейімнің терең тұңғиығындағы сезім шектерін дәл шертіп, әдемі әуен жақындай түскендей… Біз қол ұстасқан күйі ауада тербеле, жоғары көтеріліп бара жатқандаймыз…
–         Гүлім, біз сонау жұлдыздар әлеміне қалықтап ұшып барамыз, байқайсың ба?
–         Иә… әне Шолпан жұлдыздың өзі бізге тілеулестікпен күлімдейді… Біз қазір оның жанынан айналып өтеміз, – қиял әлеміне сүңгіген Динараның ып-ыстық демі бетімді шарпып, дәл құлағымның түбінен естіледі. Айта түссе екен деймін, санама әлдеқайдан жұп-жұмсақ, нұрлы шуақ құйылып жатқандай, айта түссе екен…
Бір сәт көзімді жұмам да, сосын мына сиқырлы сезімнің әсерінен қалғып кетермін деп қайта ашып алам.
–         Әне, анау көгілдір-күлгін отпен жыпылықтап тұрған біздің Жер, – деймін Динараның қиялын шарықтата түсіп. – Сол иә, біздің Жер.
–         Анау ма? Қызық екен… Жер жарық шашпайды деуші еді ғой… Ол жарықты қайдан алып тұр?
Жердің қызу қайнары ақ ниетті жандар, махаббат толы қалтқысыз жүректер дегім келеді, бірақ мұны сөзбен айта бастасам-ақ, мағынасы төмендеп, әлдебір сұлу сөздердің тіркесінен құралған жасандылық пайда болатындай. Екеуміз де бір сәт үнсіз қалдық.
–         Айтшы қайдан алады? – деді, ол әлденеден соң. Мен бұрылып, Динараға қарадым. Оның әлі де қиял сапардан арылмаған сәби жанарында таңдану мен қоса, тынымсыз жауап іздеген үлкен сауал бар. Оны дәл қазір уәжсіз қалдыруға болмайтын еді.
–         Адамдардан… сол Жердегі адамдардан алады жаным. – Кенет оның мына жұлдызды аспан түгел сыйған қарақат жанары қанағат тапқан кейіппен нұрлана күлімдеп қоя берді. Сосын түнгі салқыннан тоңазыған саусақтары менің самайымды жанай, өтіп шашымды әлсіз сипай бастады.
–         Жұлдызым, менің! Өз жұлдызым менің! – Мен сыбырлап жатырмын.
 
І І І
Түн салқындай түсті. Шөп басына меруерт шық түсіп, жауыннан соңғы пайда болатын қоңыржай леппен қоса жусанның танау жарар хош иісі аңқыды. Шығыс бетте болар-болмас қызғылтым алау пайда болып, оның үстіңгі жағына  ақсары сәуле шашырады. Ал, осы қызғылтым арайдың көкжиекпен қауышқан жігін қою-қошқыл рең көмкеріпті. Төңіректі құрсаған қараңғылықтың жібек шымылдығы бірте-бірте түріліп, айнала барған сайын айқындала берді. Түн шекпенін шешкен биік құздар әне-міне тұрып кететіндей… Мына таңды құтты солар атырғандай, сонау төменнен әтештердің разы айғайы, рауан таңға ат салысқан иттердің шәуілі, жарыса дүрілдеп от алған мотор үндері құлаққа талып жетеді. Етектен жол табанына жабысып алып зымыраған бірен-саран машиналардың ауаны тілгілеген гүжілі қашан қыр асып ұзап кеткенге дейін естіліп жатыр.
Сонау көкке ұмсынған биік шатқалдардың терең иінінде қорықшының кішкене ақ үйі, одан әріректе су тоғаны ағараңдайды. Биік қарағайды басына орнатқан прожектордың жасыл шалғынға төгілген сәулесі футбол алаңын, сол арқылы алыстағы үлкен, шулы қаланы еске салады… Шығыс аспандағы барған сайын күреңіте түскен қызыл алаудың екі ұшы сүйірленіп, бейне алып лайнер жер түбінен жылдамдық жинап келе жатқандай… Одан жоғарырақта қашан, қай тұстан пайда болғаны белгісіз, шөкім-шөкім жұмыр бұлттардың бауыры тереңнен шымырлай көтеріліп келе жатқан Күн шапағынан тұтанып та үлгеріпті.
Біз сәл төменіректе тауды қапталдай өскен ақ қайыңдар мен теректі алаңқайға келгенімізде, әуе маржандары аспан-дарияға терең сүңгіп үлгерген, тек Шолпан жұлдыз ғана бетінде көпіршік бұлттар жүзген көк теңізге енді ғана батып бара жатты.
Бұйра бұрымдарын таң самалы тараған, ақ балтыр қайыңдардың бұтақтарына қонақтаған кішкене құстардың әуелі біреуі “таң!” деп, іле-шала оған бәрі жамырай үн қоса “таң! таң! таң!” десіп шықылықтай жөнелді. Мен сонау телемұнара қырқадағы түнімен жанып тұрған қос жарықты іздедім. Жоқ, сөніп қапты. Сосын бұрылып артыма қарадым, балауса шөпте екеуміздің су шылаған ізіміз қатар жатыр. Екеуміздің ізіміз!
–         Асқар, қарашы, қандай әсем! – Динара иегімен алдыңғы жақты мегзейді. Алдымызда бастарын түбіт бу шалған шоқылар, одан беріректе бір-біріне иек артқан дөңес белдердің иығына асылған жол көрінеді. Сол соқпақтарды ойша қуалап, біз сонау қырлардан әрі асамыз. Онда: біз айтпаған әндер, біз термеген гүлдер, бізді күткен таңдар бар-ау!!! Менің ойымды зәулім теректің бұтағына әлгінде өзіміз іліп қойған транзистордың сағат соққаны бөліп жіберді. Мұрныма күннің жұмсақ шуағы сіңген бұрымның бас айналдырар иісі қайта келді. Ол мойынын әлсіз бұрып, маған еркелей қарайды. Мен оның сол жақ иегіндегі кішкене қара меңінен, дымқыл ернінен сүйемін.
“Адам және Табиғат. Бүкіл әлем бойынша бүгінгі күнге дейін белгілі саналы жалғыз ғана тіршілік иесі адамзат пен оны қоршаған ортаның үйлесімділігі күн санап жойылып барады. Құлаш ұра дамыған ғылым мен техниканың жетістігіне масайраған адамдар табиғатты игердім деп, оған орны толмас залалын тигізуде. Осының салдарынан бүкіл адамзаттың ортақ үйі – ЖЕРдегі ауыз судың, отындық кендердің қоры күн санап азайып барады. Биосфераның бүлінуі планетадағы барлық тіршілік иелеріне жойқын апат төндіруде. Егер адамдар осыны бүгін түсініп, табиғатты сақтап қалуға бүгін берік қадам жасамаса, оны аяламаса, ертеңгі күні түзеуге болмайтын…”
Ызғалы леппен жел есті. Алып теректің ұшар басы жыбырлап, сосын ұсақ діріл жоғарыдан төмен әр жапырақты селт еткізе шайқап, өн бойына тарады. Алақанымның астындағы оның жұп-жұмыр иықтары осынау ызғардан қалтырап кетті де, желбегей жамылған студент курткасы сырғып бара жатты… Мен оны Динараның иығына қайта жаптым да, транзисторды сөндіріп тастадым. Ол күрсіне дем алып, әлденеден секем алған елік секілді үрпие қалып, маған тығыла түсті. Сосын көзін жұмып селсоқ қалды. Тағы да жел тына қалып, жапырақ арасынан ұсақ құстар шықылықтай бастады.
–         Дина…
–         …
–         Қарашы, әне, құстар ән салып жатыр. Жаным, басыңды көтерші.
–         …
–         Қазір күн шығады… Бұл біздің таңымыз емес пе, Дина!
Ол үнсіз.
–         Гүлім, “кестелі тастарды” көргің келе ме, айтшы, а? Айтшы, қалсаң қазір барамыз… жүрші, кеттік пе?… Неге үндемейсің Динара?!?
–         Иә, біздікі, біздікі, – деді ол басын оқыс көтеріп, дәл осыған әлдекім шүбә келтіріп тұрғандай.
–         Қайталық, – деді сосын солғын үнмен, – ендігі бізді іздеп жатқан да шығар. Асқар, сен ренжімеші, маған сенімен бірге ештеңе де қорқынышты емес, шын айтам…, – солай деді де, ол мені еркелеткісі келді ме, бетімнен шөп еткізіп сүйіп алды.
Қайтып келеміз. Ол тұнжыраған жүзінен мазасыздық табы арылмаған күйі үнсіз, және онысын маған сездіргісі келмегендей, маған қарап жымиған болады, бәрібір сезем.
–         Бүгін мен кезекшімін, су әкелуге көмектесесің ғой.
–         Әрине.
Көк зеңгірге қалай болса солай, шашырай жайылған алабажақ қаспақ бұлттар маған дәл осылай мың жылдан бері безірейіп қимылсыз тұрғандай көрінеді… Әлдекім жер-жебіріне жетіп ұрсып тастағандай төменшік тартып, шарасыздықтан тұнжырай қалған шоқ-шоқ жусан шөптердің арасынан кесек тас тауып алдым да, уысымда сығымдай ұстап бар пәрменіммен атып кеп жібердім. Қай жерде жатсам да, маған бәрібір дегендей қара тас анадай жерге барып, топ ете түсті. Мен лақтыратын тағы бірдеңе іздей бастадым… Таптым да. Бірақ ол менен бұрын қимылдап транзистор тұтқасын ілген сол қолымды тас қылып ұстап алды.
–         Асқар, мұның не? Асқар, саған не болды, жаным??
Мұның не екенін тап сол сәт байыптау қиын еді…
–  Осының бәріне мен кінәлі, мен… Бірге қарсы алған алғашқы таңымыздың да шырқын бұзып…, – ол жыламсырай, қатты қамығып тұр еді. Мен оның тоңазыған саусақтарын уысыма алдым.
–         Кешірші, – дедім сосын әлгіндегі ұстамсыздығыма қысылып.- Кінәлі сен емессің, айым.  Тіпті де сен емессің, Динара!
«Адамзаттың иығына бұрын-соңды түсіп көрмеген мұндай тегеурінді сен өзіңнің кішкене жүрегіңмен сезінсең, оған жан дүниеңмен қинала білсең, сол үшін де кінәлісің бе? Жо-жоқ, жо, жоқ! Кінәлі сен емессің, сен емессің кінәлі».
Ол терең күрсінді. Осынау деммен оның бойынан ауыр салмақ сырғып түссе екен деп тіледім мен, оны бауырыма қыса түсіп.
Бұл кезде шығыс жақтағы қызыл-күрең шұғыла күлгінденіп барып, көгілдір реңге боялып кеткен. Тек қос шоқының қомында қалған қызыл жалын үсті-үстіне қаныға, нарттай алаулай түсіп, Күннің өзі де көтеріліп келе жатқан. Мен Динараға қарадым. Көзін жұмып, басын менің кеудеме сүйеген күйі бір сәт саябыр тауыпты. Ол қазір көзін ашады.
ЕЙ, ӘЛЕМ! КҮЛІМДЕ МЕНІҢ КҮНІМЕ!!!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓