Үйінде нашақорлар қордасын ұйымдастырған
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, республика бойынша "Көкнәр-2014" жедел-алдын алу шарасы басталды. Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері кең ауқымды операцияның алғашқы күнінде 6 қылмысты ашты. Заңсыз айналымнан 60 грамдай есірткі заттары тәркіленді.
5 маусым күні ОІІД ЕБҚК қызметкерлері Қостанай ауданының Затобол кентінде Попович көшесіндегі бір үйде есірткі тұтынуға арналған притон ұйымдастыру фактісін анықтады. Үй иесінің өзі 1987 жылдан бері есірткі тұтынады екен. Осы үйде есірткіге тәуелділер бас қосып, есірткі дайындап, тұтынған. Күніне 15-20 адамнан келіп тұрған. Атос қызметтік-іздестіру итінің көмегімен жүргізілген тінту кезінде күдіктінің қалтасынан екі қалташаға салынған салмағы 2 грамдай героин табылып, тәркіленді. Үйдің ішінде медициналық дәрі-дәрмектер, екпелер, есірткі әзірлеуге қажетті басқа да заттар, нашақорлардың аты-жөні, олар тұтынатын есірткі мөлшері жа-зылған қойын кітапша табылды. Қазіргі уақытта осы факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 259-1-1 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Нашақорлар қордасының иесі қамауға алынды.