Борышкер кәсіпорындардың саны азаймай тұр
Облыстық үйлестіруші штабтың отырысында өңір басшысы Архимед Мұхамбетов борышкер кәсіпорындардың жетекшілеріне жуық арада жалақы қарызын өтеуді міндеттеді.
Ол жұмыстан қысқарту, жұмысшы сағаттарын шегеру, тіпті адамдарға айлық төлемеу қоғамда әлеуметтік түсінбеушілік тудыруы мүмкін екендігін ескертті. Әрине, бүкіл әлемді шарпыған қаржы дағдарысы біздің елімізді де сырт айналған жоқ. Бірақ, әр нені сылтауратып жұмысшы құқығын аяққа таптауға болмайды.
Келелі жиынға қала мен аудан әкімдері, облыстық департамент пен басқарма басшылары қатысты. Сондай-ақ, борышкер кәсіпорындардың жетекшілері де бой көрсетті.
Әңгімеге арқау болған жалақы қарызы туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев баяндады.
Оның айтуынша, облыс бойынша тек екі кәсіпорынның ғана қарызы 21,1 млн.теңгеге жеткен. Атап айтсақ, Лисаков қаласындағы «Алтын Ұн» КК қол астындағы 19 жұмысшыға бас-аяғы 1,1 млн.теңге қарыз. Сонымен қатар, Таран ауданындағы «Фирма «Әділ» ЖШС 73 қызметкеріне жалақысын бере алмай жүр. Олардың қарызы – 20 млн.теңгеден асады.
Жалпы, жалақы мәселесі үйлестірушілер отырысында жиі қаралады.
Облыста ішінара жұмыспен қамтылғандар саны – 910 адам. Мысалы, Лисаков қаласындағы «Алтын Өмір» ЖШС-де 580 адам еңбек етеді. Алайда, олардың 409-ы толық режимде жұмыс істемейді.
«Лисаковскрудстрой» ЖШС-де 19 адам жарты күн ғана еңбек етсе, «Өркен» ЖШС 474 жұмыскер (жалпы жұмыскер саны – 771 адам) тапсырыс азайып, сұраныстың болмауына байланысты 50 пайыздық жалақыға жұмыс істеуге мәжбүр.
Аталған кәсіпорын басшыларын Архимед Мұхамбетов жеке-жеке тұрғызып, мәселеленің мәнісін сұрады. Осы тұста жұмыс берушілердің бәрі жақын күндері жағдайды қалпына келтіруге уәде берді.
-Облыста қарызы қордаланған 15 кәсіпорын тіркелген. Бүгінде соның алтауы қайта оңалтудан өтіп жатыр. Ауылшаруашылық саласы бойынша төрт шаруашылық та өз қарамағындағыларға қарыздарын қайтарады деген сенімдеміз,-деді Марат Жүндібаев.
Алайда, орынбасардың бұл айтқаны Архимед Бегежанұлының көңілінен шықпады. Егін орағының аяқталғанын күтпей, басқа да ресурстар есебінен жұмысшылар жалақысын беруді міндеттеді.
-Қазір орақ маусымы бітуге таяп қалды. Дала жұмыстарының 70 пайызы еңсерілді. Сұраныс бар, бағасы қолайлы. 1 мың тонна астық сатпай-ақ, өнімнің 300-400 тоннасын жұмсаса да , қарыздарды қайтару керек,-дейді облыс басшысы.
Штаб отырысында облыс прокуроры Марат Қайбжанов өндірістік жарақаттардың өршіп тұрғанына тоқталды. Әйтсе де,былтырғы жылмен салыстырғанда бақытсыз оқиға саны 111-ге дейін қысқарған (2014 жылы – 122 оқиға тіркелген). Өндірістегі қайғылы жағдай 14-ке азайыпты.
Қостанай қаласында кісі өліміне ұласқан 4 оқыс оқиға тіркелген. Рудный қаласында да осынша өндірістік апат болды. Таран мен Қостанай аудандарында екі-екіден оқыс оқиға орын алған. Мендіқара ауданында 1 адам және Алтынсарин ауданында 1 адам өндіріс орнында көз жұмған.
Жиналыста Қостанай облыстық кәсіподақтар ұйымының төрайымы Балбөпе Ертаева да сөз алды. Елбасы барша қазақстандықтарды ел игілігі жолындағы еңбекке шақыратынын айтып, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» атты ұлт көшбасшысының бағдарламасын еске салды. Жоғарыда айтылған жағдаяттар түйінін бірігіп шешуге шақырды. Мемлекеттің басты құндылығы – адам. Әсіресе, бүгінгі жиынға қатысты еңбекші қоғамның халі бірінші кезекте тұру керек.
– Жұмысшылардың қысқаруы мен тұрақсыз жалақы қоғам арасында шиеленіс тудырады. Елдегі және әлемдегі дағдарысты ұмытпаған жөн. Сондықтан, жұмысшы жалақысы ендігіде кемімейтін болсын,-деді сөз соныңда Архимед Мұхамбетов.
Кенже ҚОНЫСБАЙ