Ұрпақ сабақтастығы

Облыс орталығындағы Л. Толстой атындағы  кітапханада «Үш ұрпақтың кездесуі» атты тағылымы мол кездесу болып өтті.
– Қоғам бейнесі қанша өзгергенімен  ұстаз  тұлғасы өзгермек емес, оның мәртебесі  қашанда биік тұрары сөзсіз. Ұстаз болу екінің қолынан келе бермейтін мамандық. Ең алдымен ұстазда көреген көз бен шыдамдылық, адамгершілік, ұлағаттылық, мәдениеттілік,  білімділік пен біліктілік деген қасиеттер болу қажет. Кейде  мектебімізге келіп,  тиісті пәннен сабағымызды түсіндіріп, еңбекақы алып кете барамыз. Ал, сабағыңды тыңдайтын,  берген тапсырмаңды орындайтын,  жетістікке жеткізетін де, кейде ренжітетін де – оқушы екенін ұмытып кетеміз. Ол  да ұстаз қуанса қуанады, ренжісе ренжиді, солай емес пе?  Оқушы баланы ұғып, түсінгеніміз жөн. 

IMG_3733

Сондықтан да  келешекте ұстаз боламын деген  Қостанай педагогикалық, гуманитарлық және Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледждерінің студент жастарымыздың арасында  мұғалім мәртебесін ұлықтау, насихаттау мақсатында есімдері  елімізге, облысымызға  танымал ардагер ұстаздармен, колледждеріміздің оқытушыларымен яғни үш ұрпақ өкілдерінің басын қосып кездесу кешін өтікізіп отырмыз,-деді   техникалық және кәсіби білім берудің өңірлік ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері Қанағат Әлекешова.

IMG_3731

Кездесу кешіне облысымыздың білім саласына өз үлестерін қосқан ардагер ұстаздар Кәрім Жәркенов, Светлана Мачнева,  Пиалаш Сүйінкина, Вера Макерова, жаңашыл  жас педагогтар  Гүлбақыт Нүсіпбекова, Венера Наурызбаева, Ирина Бороздина  қатысты. Үш ұрпақ өкілдері өздерінің естеліктерін, педагогтық еңбек жолындағы қызықты оқиғалардан сыр шертті.  Ортаға шығып,  мақал-мәтел сайысына түсті.
– Ұстаз болған соң, есіңде қалар оқиғалар көп қой. Жуырда Қостанай қаласындағы  ардагерлер кеңсесіне барайын деп,  Таран көшесімен келе жатқанмын.  Ал, көлік жүретін көше бойымен келе жатқан жеңіл көлік  белгі бергендей болды, мен тоқтадым да жан-жағыма қарадым, көліктен ешкім түспеді. Содан кейін  әрі қарай  жүре бердім. Мәшина тағы белгі берді, «осы, не болып қалды деп»  тоқтадым. Сәлден соң мәшинадан  ер азамат  түсіп, ағай, мен қой деп, құшақтап, сәлем берді. «Ағай, сізге еңбегіңіз үшін көп-көп рахмет» деп ризашылығын білдірді. 

IMG_3770

Қарасам, оқушым. Кезінде 10 сыныпта оқып жүргенде  қайта-қайта тәртіп бұза берген соң, әкесіне хабарласып, балаңызды алып кетіңіз, бір жыл аудандағы мектебіне барып оқысын  деген соң, әкесі келіп алып кеткен еді. Бүгінде  сол оқушым  еліміздің прокуратурасында  қызмет жасайды,-деді ардагер ұстаз Кәрім Жәркенов.
    Кездесу кеші соңы шағын концертке ұласты.

IMG_3751

 
 
Гүлназым САҒИТОВА
Суретте: кештен көрініс
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓