Маусымды қорытындылады
«Тобыл» – қазақ футболының мақтанышы, Қостанай спортының символы. Жарты ғасырға жуық тарихы бар клубтың дәл қазіргі жағдайы мәз емес. Бұл туралы баспасөз клубындағы жиында «Тобылдың» директоры Талғат Баймұратов мәлімдеді.
– Рас, кез келген спорттық команданың тоқырауды бастан өткеретін кезеңі болады. Дәл осындай сәтте командаға жанкүйерлердің қолдауы қажет. Олар клубпен бірге болуы тиіс. Маған да оңай тиіп жатқан жоқ. Оның сыртында халықтан түсіп жатқан қысымды қосыңыз. Әлбетте, келесі маусымда барымызды салатын боламыз, – деді Талғат Әкімжанұлы.
Естеріңізде болса, «Тобыл» осымен үшінші футбол маусымын екінші алтылықтың бірінші тұғырында аяқтады. Осы жылы ішкі біріншілік пен ҚР кубогінде Сергей Масленов шәкірттері он екі кездесуде қарсыластарынан басым түссе, он ойында жеңіліске ұшырады, ал тең ойын саны – төртеу.
Талғат Баймұратовтың айтуынша, алаңның сапасы көрсеткіштерге жетуге кедергі болады. Өздеріңізге белгілі, елдегі теңбіл доп аламаны наурыздың соңында басталып кетеді. Ол – жердің қар табынан босамаған уақыты. Ал, «Орталық» алаңы мамыр айының басында өз қалпына келеді. Сондықтан да орталық алаңға үйреніп қалған аяқдопшыларымыз «Затоболецте» қол соғуға тұрарлық ойын өрнегін көрсете алмай жатады.
Құрамға былтыр келіп қосылған Уче Калу басқа командаға кететіні ресми түрде хабарланды. Ал көптеген спорт мамандарының жақсы бағасын алып жүрген Темірлан Эльмурзаев пен Рафкат Аслан клубта қалатын болды. Директордың мәлімдеуінше қаржылық жағдай тұрақталып келеді. 2014 жылғы дерек бойынша футболшыларға төленетін төменгі жалақы 1000 АҚШ долларын құраған.
«Жетінші саты жұғысты болды» деушілерге клуб директоры базынасын айтып қалды. Келесі жылдан үміт көп. Футболшылар дайындықты ерте бастайтын болады. Команда жақында Түркияға оқу-жаттығу ойындарына аттанады.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ