ҚАЗАҚ БАЛЕТІНІҢ КОРОЛІ – ҚОСТАНАЙДА
ҚР халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың, Халықаралық Сократ сыйлығының иегері, өнертану профессоры, бас балетмейстр Болат Аюханов өз труппасымен бірге Қостанай қаласына келді. «Турист» қонақ үйінде өткен жиында Болат Ғазизұлы тілшілер қойған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Қазақ балетінің королі Болат Аюханов «Алматы жас балеті» классикалық би ансамблін құрған. Оның жеке қолтаңбасына ізденіс, музыкалық биік мәдениет, классикалық көркем би тәсілдерінің таусылмайтын қазынасын меңгеруге ұмтылыс, жаңалыққа құштарлық тән. Ол жетекшілік етіп келе жатқан ансамбль дүние жүзіне кеңінен танымал болып, хореографиялық өнерді игеруі жөнінен әлемдік балет ұжымдарының ең үздігі саналатын алғашқы ондығына енген.
– Барлығымыз білетіндей, қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толды. Осы айтулы дата аясында біздің балет ұжымы да іссапарларға шығуды қолға алды. Біздің басты жаңалығымыз бірактілі балет тұсаукесері болмақ. Қойылымдарымыз қостанайлықтарға ұнайды деген сенімдеміз. Балет өнері жайлы да айта кеткен жөн болар. Біз балаларды дарынды, дарынды емес деп бөлмейтінімізді есепке ала отырып, әр балетші үшін міндеттерді әрқалай қоямыз, яғни, біреулерге мүсінін дұрыстау, есту, қимыл және координация қабілеттерін табу, басқаларына шығармашылық әрі сахнагерлік қабілеттіліктерін дамыту, билеу импровизациясын тануды үйренген абзал. Би – дыбысты қозғалыста көрсететін ғажайып өнер. Би өнерін шынымен сүйіп кететін адам барлық өміріне онымен байланысты болып келеді. Билей алатын адамның тіпті, бөлмеге кіруі де әдемі, бұрылуы да еппен ғой, – деді Болат Аюханов.
Қала тұрғындары атақты балет труппасының жеті спектаклін тамашалайтын болады. Олардың арасында Жорж Бизе мен Родион Щедриннің «Кармен-сюитасы», Камиль Сен-Санстың шығармасы желісіндегі «Суретші мен аққу» балеттері де қойылады. Сондай-ақ, Болат Аюхановтың балет туындыларына «Кармен», «Аққу көлі», «Мастер және маргарита» да кіреді. Жұрт асыға күткен «Мефистофель. Фаусттың аздыруы» тұсаукесері Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда өтеді. Труппа құрамында Дияр Әкенов, Мәди Қасымов, Ильзат Аухадиев, Жанар Көшербаева сынды тәжірибелі әртістер бар.
Атақты балетмейстердің айтуынша, басында барлық бишілер классикадан үйренеді. Сценографияның, яки сахнада үстел, орындықтардың қолданылуы, хорегорафияға дауысты қоса білуі: күлу, жылау, кейбір диалогтар, сөздер, актерлік шеберліктің көрінуі — осының бәрі «танцтеатр», яғни битеатры деп аталады. Сондықтан да қала тұрғындары мен қонақтарын алдағы уақытта тамаша қойылымдар күтіп тұр деген ойдамыз.
Қасқырбай Қойшыманов