ЖАЙСАҢ

«Ауылына қарап азаматын таны» дейді дана халқымыз. Бұл сөз жас шағынан атажұрты Сарыторғайда электр жөндеушісі, кейін сол жүйеге иелік еткен Сәкеңе арналып айтылғандай еді. Сол сияқты 1975-1993 жылдары жұмыстарын ұршықша үйірген Сабыржан Ахметұлының ерен еңбегін институтта бірге оқыған, осы ауданның тумалары Болат Нақанов, Есім Даулбаев достарым ауыздарынан тастамайтын. Ол жайында аудан еңбеккерлерімен тілдескенімде олардың Сәкеңді төбелеріне көтеріп, қатты құрметтейтініне көзімді жеткізген едім. Бұл – Сабыржан Ахметұлының сәулелі сәттерінің алғашқы баспалдақтарының бір көрінісі еді. 1993 жылы Сабыржан Ахметұлы Арқалық қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.IMG_1450 - копия
Нарықтың бұлжымас заңы – ол айналысқан ісіңнің көзін тауып, пайда табу. Сәкең экономикасы алға жылжымаған қаланың күні қараң қалатынын қалалықтарға қадап айтып, көзге көрінерлік жұмыстар атқарды. Қала тұрғындары нарықтың заңын алғашқыда жете түсінбей, әркім өзінше күндерін көруге көшіп еді. Қала әкімшілігіне тікелей өндірістен келген іскер басшыны облыс басшылары Арқалық қаласында көп ұстамай, 1995 жылы экономикасы шатқаяқтай бастаған Амантоғай ауданына әкім қылып тағайындады. Нарықтың тілін жете меңгерген Сәкең іскер басшы екендігін бұл ауданда да көрсете білді. Ол аудан әкімі ретінде, бұрынғы әкімнің болжыратып жіберген егістік көлемін 140 мың га. көтеріп, ауыл шаруашылығына басымдық берді. Негізінде Торғай өңірі мал шаруашылығымен айналысатын өңір. Сол жылдары «бартер» деген бәле шығып, бұрын төскейі төрт түлік малдан қайысатын Торғайдың төңірегі аянышты халде еді.. Бейнелеп айтар болсақ, қоғам мүлкі тістегеннің аузында, ұстағанның уысында кете барды. Табиғатынан талапшыл, ел мүддесін өз мүддесінен жоғары ұстайтын Сәкең мұндай әділетсіздікпен күресу мақсатында облыс басшыларына етек жайып бара жатқан істер жайлы баяндап бақты. Бірақ олардың тарапынан: «Сабыржан Ахметұлы, атқарылып жатқан шаралар, заман талабына сай жүргізіліп жатыр. Бос сөзді қойып, көрші Амангелді, Жангелді аудандарының әкімдерінен үлгі алыңыз» деген сөзді естіп, амалы құрып, тілін тістеумен болды.IMG_1450Сәкең сол жылдары жүні жығыла бастаған жұртшылықтың қамын ойлап көп қамықты. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, жергілікті халықтың рухын қайтсем көтеремін деген ой маза бермеді. Біз, қазақ деген халық, өмір бойы жоғын іздеген халықпыз. Ол бір ғасыр бұрын елінің, туған жерінің тәуелсіздігі, азаттығы үшін құрбан болған Амантоғай өңірінің тумасы – Құлан Кейкі батырдың аруағын аунатып, жергілікті халықпен қауыштырып, олардың алғысына бөленді. Осы кезден бастап амантоғайлықтардың рухы көтерілді. Сәкең өзі бас болып, Алматыға екі кәсіпкерін жіберіп, Кейкі Көкембайұлы атасының мүсінін (бюст) жасатты. Оны аудан орталығына орнатқызып, оның салтанатты ашылу рәсімінде жұрттан: «Түбі ауданымызға батыр атамыздың аты беріліп қалуы мүмкін» деген ойын да жасырмады. Бірақ өмір адамның ойлағанындай өткен бе?! 1997 жылы Торғай облысы екінші мәрте жабылғанда, онымен қоса Амантоғай ауданы да оның жолын құшты. Сөйтіп, Сәкеңнің ойлаған ойының ойраны шыққан болатын. Сол жылы Амантоғай ауданы төркініне қайтып келген қыздай болып, Амангелді ауданының құрамына қайта қосылды. Ауданның әкімі болып Сабыржан Ахметұлы сайланды. Ол осы ауданға әкім болып сайланғанына бір жыл өтер-өтпестен, Арқалық қаласының әкімі болып тағайындалды. Оны қалалық активке облыстың сол кездегі әкімі Тоқтарбай Қадамбаевтың өзі таныстырып, жұмысына сәт-сапар тіледі.
Сәкең сабырлы  басшылық үлгісін көрсетті. Оның өткізген лездемелерінде,шұғыл кеңестерінде басы артық мәселелер көтерілмейтін. Жұмыс барысында түсініксіз сұрақтар туындаса, кейбір әкімдер сияқты даусын көтермей, жұмыс үстелін сабаламай, сол сұрақтың неден туындағанын тәптіштеп сұрап, дұрыс-бұрысына көз жеткізетін. Қарауындағы қызметкерлерден «Тәртіпке бағынған құл болмайды» (Б. Момышұлы) деп, тәртіпті талап ететін. Тәртіп дегеннен шығады. Сол кездегі Арқалық қаласының жай-күйі адам айтса нанғысыз аянышты еді. Қала тұрғындары айлықтарын айлап ала алмай, зейнеткерлер жәрдем ақыларының жүзін көре алмай, жадап-жүдеп жүрген болатын. Жығылғанға жұдырық – дегендей, дүкен сөрелері жылан жалағандай тазарып, жұрт босып кетудің азақ алдында тұрды. Оның үстіне электр жүйесі де құбылмалы, кесте бойынша тәулігіне 3-4 сағат жарық беретін. Оның «қызығын» жұрт қалың ұйқыға кеткен кезде ғана көретін. Жылу беретін (ТЭЦ), газбен қамтамасыз ететін мекемелердің мардымсыз жұмыстарынан кейін, қала тұрғындары үйлерінің қасынан жер ошақ қазып, тамақтарын сонда істеп, бала-шағаларымен сонда жылынып жататын.
Сабыржан Ахметұлы Арқалық қаласына әкім болып осындай қиын кезеңде келді. Экономикасы құлдырап, құрдымға кетудің азақ алдында тұрған қаланы құтқару әкімнің әкімінің, азаматтың азаматының қолынан келетін іс еді. Шынымды айтсам, сол кезде Сәкеңнің Арқалық қаласында туғанын білмеуші едім. Отызыншы ойранды жылдары Ахмет әкесі қуғын-сүргінге ұшырап, Атбасар, Көкшетау жақта бой тасалауға мәжбүр болыпты. Шаш ал десе, бас алатын сол кезеңнен әкесі аман қалып, 1947 жылы Қызылқозыға оралыпты. Қызылқозы – қазіргі Арқалық қаласы. Сәкең жасынан алғыр, еңбекқор болып ерте есейіп ағайынның аузына ілігіп, сабырлығы мен көпшіліктің көзіне түсті. 1960 жылы туған жерге деген махаббаты Ахмет ақсақалды жетелеп ата-мекені, жаңадан ашылып жатқан Сарыторғай кеңшарына әкеледі.
Сәкең осы кеңшардың орта мектебінде оқуын жалғастырып, оны 1965 жылы ойдағыдай аяқтайды. Бірге оқыған 19 сыныптасы арман қуып, әр қалаға аттанып жатқанда, бұл ауылда қалады. Оған себеп, асқар таудай әкесінің өмірден өтуі еді. Бұғанасы толық бекіп болмаған бозбалаға бұл қайғы қатты әсер етті. Көкейіндегі арманының быт-шыт болғанына мойымай, аяулы анасы Зейнеп пен жалғыз қарындасы Жұмабикеге "қайтіп қорған боламын?" деп мазасы кетті. Ақыры Қостанай қаласындағы қысқа мерзімді электр-монтерлерін даярлайтын курсқа түсіп, электр жөндеушісі мамандығын игеріп шығады. Кеңшарда еңбек жолын қарапайым электр-жөндеушіден бастаған жас жігітті болашақта жауапкершілігі шаш-етектен келетін лауазымды қызметтер күтіп тұр еді. Өмір күрестен тұрады деп жатады өмір көргендер. Сол өмір күресінен Сәкең сүрінбей өтіп, өзінің адал еңбегінің арқасында билік табалдырығына табаны тиді. Ол үшін өмір мектебінен өту керек болатын. Ол кезде Кеңестік Армия – өмір мектебінің мықты баспалдағы болып саналатын. Мектеп бітірген жылдың күзінде Сәкеңді әскери міндетін өтеуге шақырады. Үш жылдан кейін өсіп-өнген еліне есейіп оралған оның бойынан жерлестері жауапкершіліктің, талапкершіліктің табын байқайды. Сол кезден бастап, ол үнемі өрлеу үстінде болды. Сарыторғай кеңшарында электр жүйесін басқарып жүргенінде Зақан Қайыркенқызы мен көңілдері жарасып, Зейнеп әжейдің қолын ұзартты. Осы кеңшарда Ахмет ақсақалдың Қарлығаш, Арман, Жанар, Ербол атты немерелері өмірге келді. Орнында бар оңалар деген осы емес пе?!
Менің бір байқағаным, Сабыржан Ахметұлы елін, жерін сүйетін үлкен ұлтжанды азамат. Ол қай жерде қызмет істемесін, сол жердің тұлғаларын танып-біліп, «Жандарыңда жүр жақсы адам» деп жан-жағына жариялап жүреді. Оған мысал, 1999 жылы «Қазақстанның құрметті дәрігері», 1 санаттағы оташы Асқар Байжұманұлына «Арқалық қаласының құрметті азаматы» атағын беруі. Мұндай атаққа көпшілік жұрт, билік басындағыларға тамыр-таныстарын салып, қулықтарына құрық жалғап қолдарын жеткізіп жатады. Ондайдан хабары жоқ, республикаға танымал оташы ағамыз, Сәкеңнің адам тани, елге сіңірген еңбегін бағалай білетін қасиетін отырған отырыстарда жыр қылып айтып отырады.
2000 жылдың күзінде Сабыржан Ахметұлын Ұзынкөл ауданына әкім қылып сайлады. Бұл аудан Қостанай облысының Ресеймен шекаралас жатқан түйткілі көп, салт-дәстүрімізден, ана тілімізден алшақтай бастаған аудан ғой. Жалпы, Сәкеңнің өмір жолына үңілген адам, оның тағдырының проблемасы шаш-етектен келетін аудандармен, туған қаласы – Арқалықпен тоғысқанын көреді. Оның басынан өткерген қиындықтарына ердің ері ғана шыдайтынын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Ол Ұзынкөл ауданында 5 жыл әкім болып еңбек етті. Классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде дүркіреп өтті. Жұрт «өткен күнде белгі жоқ» деп жатады. Неге болмасын?! Оған бір тал қара шашы қалмаған Сәкеңнің ақ қырау шалған басы куә.
2004 жылы мамыр айында Амангелді ауданының басшылығында күрделі жағдайдың орын алуына байланысты, облыс әкімдігі Сәкеңді осы ауданға екінші мәрте әкім қылып сайлайды. Аудан жұртшылығы оны құшақ жая қарсы алады. Өзіне етене жақын ауданның проблемасын шешуге білегін сыбана кірісіп кетеді. Нәтижесінде аудан адам танымастай өзгеріп, алдыңғы қатарлы аудандардың қатарына қосылды. Егістік жер көлемі 70 000 гектарға жетті. Ерен еңбегі еленіп, «Парасат» орденінің және бірнеше медальдардың иегері Сабыржан Ахметұлы Ахметов 2007 жылы «Құрмет» орденінеие болды.  Ол сонымен қатар  Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері.
Осындай ел алдында беделі биік, абыройы асқақтаған Сабыржан Ахметұлы бұл күндері 70 жастың жотасына шығып отыр. Ел-жұртыңызға беретін жан жылуыңыз бен жүрегіңіздің сәулесі сөнбесін!
 
Асқарбек БЕКТЕМІСОВ,
Журналист-жазушы,

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓