Абақтыдан шыққандарға көмек қандай?
Өңірімізде түзету мекемелерінен шыққандардың барлығы бірдей үйіне жететін жолақымен, азық-түлікпен қамтамасыз етілмейді. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында аймағымыздың түзету мекемелерінен 867 адам бостандыққа шықса, олардың 217-сі өзге облыстардан, 20-сы басқа мемлекеттерден екен. Заң бойынша темір торда қылмыстық жазасын өтеп шыққандарға қылмыстық-атқару жүйесінің облыстық департаменті тарапынан жол жүру, тамақ ақысы төлену қажет. Бірақ онда осыған қатысты бірқатар заңбұзушылықтар әшкере болыпты. Бұл жөнінде аймақтық прокуратурада өткен брифингте облыс прокурорының көмекшсі Сергей Урбанович айтты:
-Түрмеден босатылғандардың үйіне дейін қалай жеткендері қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерін аса алаңдатпайды. Мәселен, үстіміздегі жылдың қаңтарында мерзімінен бұрын шартты босатылған Солтүстік Қазақстан облысының азаматы А.Тумгоев Петропавл қаласына дейін жету үшін құзырлы органдардан ешқандай көмек көрмеген. Ал республикамыздан тыс өңірлерге кететін азаматтарға жолақы төлемеу туралы заңды ескермеген мекеме өкілдері Ресей және Беларусь елдеріне дейін билеттер сатып алып беріп, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берген.
Осы қатарлы заңбұзушылықтар Құсмұрындағы УК 161\4 және Жітіқарадағы УК 161\3 түзету мекемелерінде анықталған. Прокуратураның тексеруі кезінде мүгедек сотталушылардың босатылуы жөнінде олардың туыстарына хабарланбайтыны да белгілі болған. С.Урбанович сонымен қатар, кейбір сотталушыларға баратын жеріне дейінгі қаражаттың жеткіліксіз берілетінін де атап өтті. Мәселен, жазадан босатылған К.Ибраймов темір жол арқылы екі тәулік жол жүретін Алматы облысына кеткен кезде ол бір тәулікке ғана жететін азықпен қамтылыпты.
Өңірлік прокуратураның тексеру қорытындысы бойынша ҚАЖ облыстық департаменті бастығына заңдылықтың бұзылғандығын жою туралы ұсыныс жолданып, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылған.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ