Алқа билерге артылар сенім көп
Бұған дейін хабарлағынымыздай, Арқалықта Билер кеңесін құру жөнінде мәселе қаралған болатын. Осыған орай, жақында қала әкімі Э.Күзенбаевтың төрағалығымен дөңгелек үстел өтіп, кеңес мүшелеріне қызметтік құқын анықтайтын арнайы куәліктер табысталды.
Билер кеңесінің құрамы 9 адамнан тұрады. Олар: қаланың құрметті ардагерлері –Жәнібек Ғапбасұлы, Мейраш Тәшетов, Алмас Бекин, Нұрлан Хамзин, Балтабай Құрманбайұлы, Бақытжамал Аяғанқызы, Хамит Досжанов, Қайырден Жиенбаев, Рауыл Ахметжанов.
Алқа билерге ел арасындағы түрлі көлеңкелі іс-әрекеттерге араласып, келеңсіз жағдайлардың қарқынын төмендетеді деген сенім артылады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Кеңес жұмысы мәселелерін кеңінен талқылады.
"Билер кеңесін құру – ұлттық құндылықты жаңғырту", – деген қала әкімі Эльдар Қонысбайұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасында қазақтың билер кеңесін ұлттық құндылықтар ретінде танып, оны халық арасында кеңінен насихаттау қажеттігі айтылғанына тоқталды.
«Ашудың оты тұтанса, ақылдың суын сеп", – деген дана халқымыз. Билер кеңесін құру – ҚР Жоғарғы Сотының «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының бастамасы. Оның мақсаты – дау-жанжалдарды сотқа дейін реттеу. Билер кеңесі азаматтық дауларды шешуге септігін тигізуі тиіс, дауласқан тараптарды сотқа жеткізбей татуластыруы керек», – деді бітімгер билердің мақсат – міндеттерін түсіндірген қалалық сот судьясы Ләззат Әбішева.
Арқалық қаласы бойынша, өткен жылы 70-ке жуық жеке айыптау, 80 неке бұзу фактісі тіркелген. Отбасылардың ажырасуы – қоғам дерті. Биылдың өзінде осындай келеңсіз жағдайлармен 36 іс есепке алынған.
Айта кетсек, пилоттық жоба Қостанай облысы бойынша Жанкелдин ауданынан кейін Арқалық қаласында екінші болып жүзеге асып отыр.
Мұрат Жүнісұлы