Мердігерлердің жайбасарлығы сынға алынды

Әне-міне дегенше қыс та қыр астында тұр. Өңірде күздің соңына таман аяқталады деген бірнеше инфрақұрылымдық жобалардың жартысы да орындалмапты. Әңгіме Федоров ауданындағы газ құбырын тарту мәселесі хақында. Бұл жобаны мойнына алған мердігерлер әлі 700 млн. теңгені игермеген. Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов Қарабалық және Федоров ауданына барған іс сапарында жайбасарлық танытқан мердігерлерді сынға алды.DSC_0048
– Рудный-Қашар-Федоров газ құбырының құрылысы бұдан үш жыл бұрын басталмап па еді?! Әлі бітіргендерің шамалы. Уәде бергеннен кейін орындалуы қажет. Аталған жобаны тағы пысықтап, тез арада ретке келтіріңдер,- деп Архимед Бегежанұлы мәселені біраз талқыға салды.
Осы бағыттағы құбырдың қазір 68 шақырымының 40 шақырымы тартылған. Келер жылы пайдалануға берілуі тиіс. Мердігерлерге жыл аяғына дейін 720 млн. теңгені игеру міндеттелген. Жоспардағы жұмыстардың уақытылы орындалмауына облыс әкімі күмән келтірді.
– Егер 3 ай аралығында ақшаны игере алмасаңыздар, онда басқа мердігер іздейміз. Мұндай қарқынмен жұмысты аяқтау екіталай. Алдымен, бәрін жүйелі түрде қарастыру қажет еді. Бұдан былай құрылыс барысын өз тарапымыздан қатаң бақылауда ұстаймыз,- деді Архимед Мұхамбетов.
Айтылған сыннан соң мердігерлер нақты жұмыс кестесі жасалғандығын, күніне ұзындығы 500 метр құбыр тартуға қауқарлы екендіктерін жеткізді.
Қараша айында ауданда тағы бір ірі жоба халық игілігіне беріледі. Жаңа су таратқыш пен су сору станциясы аудан орталығынан бөлек, көрші Жаркөл ауылын сапалы ауыз сумен қамтиды. Бұған дейін аталған елді-мекенге тіршілік көзі сырттан әкелінетін.     
Бұл жобаға да назарын салған облыс әкімі қазба жұмыстарынан кейін жолдарды да қалыпқа келтіру қажеттігін, әсіресе, тұрғындар осы мәселеге қатысты жиі шағымданатынын ескертті.
Содан соң облыс әкімі аудандағы күнбағыс майын шығаратын зауыттың біріне бас сұқты. Әзірше, кәсіпорын жұмысы уақытша тоқтап тұр. Яғни, егін орағы аяқталғанша. Ал, өнімді сатуда ешқандай проблема жоқ екен. Өндіріс қуаттылығын ұлғайтуға шамасы жететіндігін шаруа қожалығының жетекшісі Валерий Безбабный әңгімелеп берді.
Ал, Қарабалық ауданына барған сапарында Архимед Бегежанұлы Комсомол құс фабрикасының қазіргі жағдайы алаңдататын айтты.  Нысанды іске қосу үшін 3 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Оның 2 млрд. 769 млн. теңгесі «ҚазАгроҚаржы» арқылы беріліпті. Нарыққа жол тарта алмаған кәсіпорын әбден тұралап қалған. Жылына 12 мың тонна ет шығарудан құр қалғаны соншалық, 150-ге жуық адам жұмыссыздықтардың қатарын толтырып отыр. Иесі қарыздың тек 25 пайызын ғана өтепті. Цехтағы барлық техникалар мен құрылғылар «ҚазАгроҚаржыға» қайтарылуда. Кәсіпорынның одан әрі жанадана түсуі үшін қазір инвестор іздестірілуде. Оларға қойылар басты талап – фабриканың ісін әрі қарай жалғастыру. Бірақ әбден тұралап қалған құс фабрикасына инвестор табыла қояр ма екен?!
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓