Құны қымбат, сыры жұмбақ сырғанақ
Бейімбет Майлин ауданының орталығы – Әйет ауылында қыруар қаржыға салынған төбешік сырғанақ жергілікті жұрттың ренішін туғызып,. оның соңы үлкен дауға айналды. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" тілшісі жазады.Былтыр әкімдік жариялаған конкурсты ұтып алған мердігер 2 млн теңгедей бюджет қаржысына орталық алаңға сырғанақ орнатып, жанына бірнеше мұз мүсін жасап беруді мойнына алған. Алайда ауыл тұрғындары сырғанақтың сапасыз екенін әрі жаңа жыл мерекесі өтіп кеткеннен кейін салынғанын айтады.
– Былтыр 31 желтоқсанға дейін ауылда сырғанақ тұрғызады дегенді естідік. Оған жергілікті бюджеттен қомақты қаржы қарастырылғанын да білеміз. Жаңа жыл қарсаңында ағаш сырғанақты әкеліп қойды. Бірақ баспалдақтары қисық, тақтайы сүргіленбеген, балалар бір жерін жарақаттап ала ма деп қорқамыз. Бұл сырғанаққа отырған баланы сүйреп түсірмесең, кедір-бұдыр тақтайдың үстінде өздігінен сырғанай алмайды. Тіпті болмаған соң, жұрт мұның жанына қардан тағы бір төбешік жасалады екен деді. Сөйтіп жүргенде жаңа жыл мерекесі өтіп кетті. Бірақ ешқайсымыз ағаштан жасалған сапасыз сырғанақтан өзге сырғанақты көре алмадық, – дейді ауыл тұрғыны Галина Фирус.
Тұрғындар мемлекеттік сатып алу сайты арқылы жаңа жыл қарсаңында ауылды безендіруге қанша қаржы бөлінгенін іздестіріп көреді. Сайттағы мәлімет бойынша, ауыл әкімдігі жеке кәсіпкерлікпен айналысатын «Мартин» деген мекемемен үш бірдей келісімшартқа отырыпты. Бірінші шартта мердігердің ылғал өткізбейтін сүрілген ағаштан сырғанақ жасайтыны туралы айтылған. Оған 1 млн 450 мың теңге қарастырылыпты. Одан кейінгісінде мердігерге 104 мың 150 теңгеге биіктігі бір жарым метр болатын бірнеше мұз мүсін жасау жүктелген. Ал үшінші шартта қардан биіктігі 1,5 метр, ұзындығы 5 метр, ені 2 метр болатын тағы бір сырғанақ жасау үшін 248 мың теңге бөлініпті.
– Екі сырғанақ пен мұз мүсіндерді қосқанда барлығы 2 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бірақ қар сырғанақ 13 қаңтарда ғана салынды. Ал мұз мүсіндердің орнында төрт бұрышты кесек қана жатыр. Ауыл тұрғындары бюджеттің ақшасын іздестірмегенде, бұл сырғанақтың салынуы да неғайбыл еді. Мердігер қарды қалай болса солай үйе салыпты. Қардан жасалған мұз сырғанағының түрі осы. Мұндайын білгенде, ауыл тұрғындары жабылып көк тиын шығындамай-ақ сырғанақты қолдан жасап алар едік. Әкімге «үйіліп жатқан борпылдақ қардың үстімен балалар қайтып сырғанайды» деп едік, әйтеуір бір күннен кейін су құйып, қатырып қойыпты. Менің бес немерем бар. Бесеуі де мұнда келмейді, Пионер көшесіндегі ауыл тұрғындары өздері жасап алған мұз төмпешікке барады. Ол аласалау болса да, бюджеттің ақшасына жасалған сырғанақтан әлдеқайда жақсы, – дейді ауыл тұрғыны Жанат Мақұмова.
Мердігер Денис Мартин 31 желтоқсанға дейін Әйет ауылында қар қалың болмағанын, осы себепті сырғанақ тұрғызуға жететін қар таба алмағанын айтады.
– Мен әкімдікке кепілдік хат жазып, сырғанақты қар жеткілікті мөлшерде түскеннен кейін тұрғызатынымды хабарладым. Ал сырғанақты сапасыз дегендерге айтарым, біз бұған апта сайын су құйып, ретке келтіріп отырамыз. Бәлкім балалар бір жетінің ішінде осындай жағдайға жеткізген болар. Жұрттың ренішін естіп жатырмын. Мұз мүсіндердің біреуін орнатып қойғам, бірақ оны төтенше жағдай режіміне байланысты қайта бұзып тастадық, – дейді мердігер.
Ауылдық округ әкімдігі мердігердің ешбір айыбы жоқ екенін айтып отыр. Ал Әйеттің белсенді тұрғындары прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне шағымданып, сырғанаққа қатысты тексеру жүргізуді талап етпек.