Гүлзарлар жайнап тұр
Гүлзарлар жайнап тұр Қай қалаға бара қалсаңыз да өзіндік сәнімен ерекшеленетінін байқайсыз. Біздің Қостанайдың көркі – тазалығымен танылған. Көшелер апта сайын сыпырылып, тазартылады. Басы артық қоқыс көзге шалынбайды. Бұл экологияның талаптарын орындаушылықтың, мұқияттылықтың белгісі.
Экология демекші, қоршаған ортаны таза сақтай білу – үлкен парыз. Қала басшылары соған ерекше мән береді. Тазалықты сақтаушыларға үнемі тапсырмалар жүктейді. Солардың орын-далуы қалай екен, соны сараптайық. Жыл сайын гүлзарлар қар ери сала тазартылады. Мәселен, орталық саябақты күтушілер бұл іспен былтырғы жылдан шұғылданды. Саябақпен әрлі-берлі жүргенде солардың қыс кезінде де дамыл таппағаны көзге шалынды. Олар ағаштардың арасындағы қарды күрекпен гүлзарларға үйді. Іштей гүлзар топырағына ылғал молаюын қамтамасыз етеді ғой деп ойладым. Бұлай емес екен. Сұрастыра келе білгенім, әлгі гүлзарларда жаз бойы өскен гүлдер қыстың аязына шалынбауы керек. Қарапайым адамдар, біздер, соны аңғармаппыз. Көктем туа саябақ жұмысшылары дамыл таппады. Гүлзарлардың үстін тор жапқышпен қымтап бекітті. Тағы да таң қалдым. Сөйтсем, гүлдер қылтиып өсе бастағанда сол маңда қаптап ұшып жүрген көгершіндердің тұмсығымен шұқымауы үшін қолданылған шара екен. Үстіміздегі жылы гүлдер егілетін жер әжептәуір арттырылды. Оның көлемі 25000 шаршы метрді құрады. Орталық саябақтың сыртында Текстильщик, Набережный алаңдарында да жауқазын гүлдер өсіріледі. Биыл көздің жауын алатын жаңа гүлдер әкелінуде.
Ермекбай ХАСЕНОВ
СУРЕТТЕРДЕ: ақ гүлдер, сары гүлдер жайнап өсіп тұрған гүлзарлар осындай.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.