Екпе ем болып жатыр ма?
Еліміздің бірқатар облыстарында екпеден соң есінен танып жатқан балалар мен жасөспірімдер туралы аз айтылып, жазылып жатқан жоқ. Тек өткен аптада үнділік вакцинадан Жамбыл облысында тағы бір бала есінен танды деп хабарлады КТК арнасы. Ақпарға қарағанда, осыдан бірер күн бұрын Таразда оқитын меркілік студент екпеден соң психдиспансерден бір-ақ шықса, енді осы ауданның 9-шы сынып оқушысы ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Сондай-ақ, Ақтауда қызылшаға қарсы вакциналаудан кейін ауруханаға түскен оқушылар мен студенттердің ата-анасы балаларына нақты диагноз қоюды талап еткені де БАҚ өкілдерінің назарында. Ата-аналар балалардың кейбірінің қайта-қайта қалшылдап, денесінің құрысып жатқанын айтады.
Осындай екпенің кері әсері біздің облысымызға да жеткен секілді. А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ І курс студенті Қолқанат Тоқтар ақпан айының 19 күні қызылшаға қарсы вакцина қабылдағаннан кейін өзін нашар сезіне бастағанын айтады. 28 ақпан күні облыстық аурухананың инсульт бөлімшесінде емделіп жатқан бойжеткенге әдейі барып, болған оқиға туралы сұрап білдік.
– Бейсенбі күні (19 ақпанды айтады – автор) болатын. Сабақ үстінде дәрісханаға университеттің медициналық пунктінен дәрігерлер келіп, вакцина салатындарын айтты. Біз екпе салынатыны туралы алдын ала ештеңе естіген жоқпыз. Ал дәрігерлер екпе қабылдамайтындарға ерте бастан өтініш жазыңдар деді. Топтағы студенттер баратын болған соң, мен де қалысқан жоқпын. Инені иығыма салды. Алғашқыда ештеңе сезбедім. Бірақ сол күні кешке қарай ыстығым көтеріліп, әлсіреп қалдым. Денеме қызыл бөрткен шығады да, басылып қалады. Құсқым келді. Басым айналып, жүрегім айныды. Басында дәрігерлер «қызуларың көтерілуі мүмкін» деген соң, осылай болу керек шығар деп, мән бермей жүре бердім. Бара-бара баспалдаққа көтерілуім қиындады. Аяқтарым да көгеріп кетті. Арада бірнеше күн өтсе де ауырғаным басылған жоқ. Автобусқа отырып, Әулиекөл ауданына үйге кеттім. Үйге кіріп, бір кесе шай ішкенім есімде, ар жағын білмеймін. Есімді жисам, аудандық ауруханада жатыр екем, – деді ол.
Әулиекөл аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінен облыстық ауруханаға жеткізілген Қолқанат, қаладағы жансақтау бөлімінде тағы екі күн жатыпты. Тек жұма күні ғана инсульт бөлімшесіндегі жеке палатаға шығарылған. Кереуеттің аяқ жағында науқастың диагнозын «менингоэнц» (ғаламтордағы «уикипедия» энциклопедиясында медицинадағы «менингоэнцефалитті» – мидың қабынуы салдарынан жұлынға зақым келуі мүмкін деп жазыпты – автор). Бірақ бойжеткен мұндай диагнозбен келіспейтінін айтып, жағдайының әлсіреуіне екпе әсер етті дейді.
Біз Қолқанатқа тезірек жазылып кетуіне тілектестік айттық та, инсульт бөлімінің меңгерушісін сұрастырып едік, ол орнында жоқ екен. Кезекші дәрігер Индира Жаркеноваға жолығып, науқасқа қойылған диагноздың нақтылығы туралы сұрадық.
– Денедегі сіңірдің құрысуы, тартылып, түйілуі болады. Науқасқа қойылған анықтама осындай. Ал оның екпеден болған-болмағаны туралы айта алмаймыз. Алайда бұл туралы аурухана әкімшілігінен бастап, облыстық денсаулық сақтау басқармасына дейін хабардар, – деді И.Жаркенова.
Біздің бар білгеніміз осы. Әзірге өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті мен прокуратураға оқиғаға қатысты тексеру жүргізін сұрап, хаттар әзірлеу үстіндеміз. Мәселенің мән-жайы туралы алдағы уақытта да назарымызда болады.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ