Жас көшеттер отырғызылды
Тазалық айы шарасы қарқын алуда. "Тазалық 2012" серіктестігі үш жүзге жуық көшетті отырғызып үлгірді.
– Біз саябақтар мен демалыс орындарын көгалдандыруды қолға алдық, – дейді ЖШС директоры Қадырхан Ерішев. Оның айтуынша, кәсіпорын "Жастар" бульварын екі жүз он және орталық саябақты алпыс жас көшетпен толықтырған. Игі істен мектеп оқушылары мен студенттер де қалыспай, экология акциясын қолдады. Қаланың құлпыруына үлес қосып, екі жүз түп ағаш екті. Айта кету керек, қала бойынша 2600 түп ағаш отырғызылатын болады. Атқарылатын жұмыстарға жиырма бес миллион теңге бөлінеді. Жас көшеттер жаз айларында күтімді қажет етеді. Олардың күтіміне 18,8 миллион теңге қажет екенін Қостанай қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Сонымен қатар гүлзарлар шұғыл түрде тазартылды. Набережный және Красный Кузнец көшелеріне қосымша гүлзарлар жасалады. Қаланы көгалдандыру ісі жалғасуда.
Ермекбай ХАСЕНОВ
СУРЕТТЕ: жас көшетті отырғызушылар.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.