Тілсіз жауды тізгіндеген
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті өрт кезінде 7 адамның өмірін аман сақтап қалған Нағмар Ердәулетовті марапаттады. Бейбіт күннің батыры қазір Лисаков қаласы әкімдігі жанындағы жұмылдыру дайындығы және терроризмнің алдын алу бөлімінің басшысы қызметінде. Департамент басшысы Салауат Мүксімов айтқандай, мұндай мемлекеттік қызметшілер көпке үлгі.
– Былтыр ғана ашылған «Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мемлекеттік қызметшілерді «Адал жүрек» төсбелгісімен марапаттауды қолға алды. Қызметіне адалдық танытып жүрген жандардың бірі осы Нағмар Ердәулетов. Ол шарпыған жалынға қарамай жеті адамның өмірін аман алып қалды, – дейді Салауат Сыйлыбайұлы.
Департамент баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт 11 наурыз күні Лисаков қаласындағы 1-ші шағын ауданда болған. Сағат 20:20-да Қостанай облысы ТЖД өртке қарсы қызмет пультіне бес қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер автосаты арқылы 5 адамды құтқарды. Тағы 20 адам эвакуацияланды. Оның ішінде төртеуі – бала. Алайда, өрт орнынан 1968 жылы туған ер адамның мәйіті табылды. Сол күні Нағмар Ердәулетов жұмысынан үйіне қайтып келе жатқан. Ол көрші кіреберісте құтқару жұмыстары жүріп жатқанын байқайды.
– 3 және 4 қабаттағы балконда тұрған адамдардың көмекке шақырған дауыстарын естідім. Бұрын өрт сөндіруші болғанмын. Бірнеше жылдық тәжірибем бар. Автосаты арқылы құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан әріптестерге көмекке келдім. 4-ші қабатқа дейін өзім шықтым, пәтер ішіндегі адамдарға өрт сөндіруші белдігін тағып, төменгі қабатқа дейін кезек-кезек түсірдім, – деп еске алады Нағмар Ердәулетов.
Кейін белгілі болғандай, Нағмар Ердәулетов өрттен 7 адамды құтқарған. Олардың арасында балалар да бар. Айта кетейік, бұған дейін Лисаков қаласының әкімі қызметкердің осы ерлігін ескеріп, батылдығы үшін арнайы грамота және сыйлықпен марапаттады.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев