Есірткі өндіруші ұсталды
Лисаков қаласының тұрғыны азаматтық некедегі жұбайының анасы тұрып жатқан пәтерді есірткі әзірлейтін ошаққа айналдырған. Өзі де сол үйде тұрып келген.
Бұған дейін де тіркелген оқиғалар сынды, бұл «өнертапқыш» та аса ұқыпты, сауатты болмай шықты. Есірткі өнімін де, шикізат қоспаларды да, «ғылыми құрылғыларын» да сол пәтердің бөлмелеріне жайғастырыпты. Көп ұзамай әлгі баспана «дарынды» «отағаның» нашақор достары жиі тапсырыс жасап, ылғи қонақтайтын жерге ұласқан. Осылайша бұл «өндіріс орнының» ағымдағы жылдың көктемінен бері дәурені жүріп келген. Жергілікті нашақорлардың бақытты күндері ұзаққа созылмады. Тәртіп сақшыларының тұтқиылдан қонаққа келуімен жын-ойнақ ордасының шаңырағы ортасына түсті. Жоба авторының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тіпті сот оған екі бап бойынша үкім кесті: есірткі әзірлеу ұясын ұйымдастырғаны үшін және аса ірі көлемді есірткілік заттарды сақтап келгені үшін.
Жеке мүліктері тәркілене отырып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын жалпы режімдегі түзету мекемесінде өтейді.
Ж.Балғынбекұлы