СЫМБАТТЫ МҮСІНДЕР САЙЫСЫ
Рудный қаласында бодибилдинг, бодифитнес және фитнес-бикини бойынша Қостанай облысының 4-ашық Чемпионаты өтті. Оған жергілікті атлеттерден бөлек Астана, Қарағанды, Теміртау сияқты қалалардан келген шымыр қыз-жігіттер қатысты.
Бодибилдингтен алғашқы жарыс осыдан 114 жыл бұрын, 1901 жылы ұйымдастырылған болатын. Осы уақыт аралығында бұлшықеттер бәсекесінің танымалдылығы артып, онымен айналысушылар саны көбейді. Облыстық чемпионат соның айқын дәлелі. Биыл тұңғыш рет жарыс бағдарламасына жаңа бағыт мэнс физик немес жағажай бодибилдингі енгізіліп отыр. Жалпы жарысқа қатысуға ниет білдірген 54 үміткердің 17-і осы мэнс физик бағытын таңдаған.
– Бір қызығы, бодибилдингте сайыстың өзі емес, оған дейінгі дайындық аса маңызды, – деп бастады әңгімесін чемпионатты ұйымдастырушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Андрей Масюк. – Бұлшық ет жинау үшін кем дегенде 1,5-2 жыл уақыт жұмсалады. Бұл кәсіби деңгейге өтудің алғашқы сатысы ғана. Егер республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып, озық атануды қаласа, оған ондаған жыл қажет. Үздіксіз жаттығулар, қатаң диета, режимнің сақталуы нәтижесінде белгілі бір қалыпқа келген соң сахнаға шығып, қазылар алқасының алдында бірер минут әр түрлі іс-қимыл жасайсыз. Осы бірнеше минут үшін спортшыларға талай жыл бойы маңдай терін төгуге тура келеді.
Кеншілер қонақтар мен жерлестерінің сахнадағы өнеріне тәнті болып, қол шапалақтап отырды. Себебі жарысқа шыққан әрбір атлет дене бітімін көрсетіп қана қоймай, әуеннің ырғағына қарай қимылдап, кейбірі акробатикалық нөмірлерді көрсетіп жатты.
Елордамыз Астанадан келген Арман Шалабаев мэнс-физик бойынша Қазақстанның абсолюттік Чемпионы атағын 3 жыл қатарынан иемденіп келеді. Сондықтан бүгінгі жарыста да оның үздік атануына таңғалуға болмас. Ол бойы 178 см-ден биік спортшылар арасында және абсолюттік біріншілікте топ жарды.
– Спорттың бұл түрін жаныма серік еткеніме 8 жыл өтті. Бастапқыда мақсатым спорт залына барып, өзім үшін денені шынықтыру болатын. Кейін жарыстарға іле шала қатысып, осы спорт түріне беріліп кеттім. Бүгін Рудныйға жалғыз келгем жоқ. Өмірлік жарым да фитнес-бикини аталымы бойынша бағын сынауда, – дейді атлет.
Чемпионат қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасында Александр Соцков, ал ересектер аталымында Александр Шмельков пен Николай Грицаенкоға жететін жан болмады. Рудныйлық атлеттердің ішінде Илья Русланов пен Леонид Стрельченко көзге түссе, бұрымдылардың арасында Любовь Кобякова, Софья Рыбалко мен Мария Томилиналар жүлдегер атанды. Марапаттау рәсімінде барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен демеушілер тарапынан естелік сыйлықтар табыс етілді. Айта кетерлігі, осы жарыста үздік атанғандар ел біріншілігіне қатысуға жолдама да алды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ