БАҚ өкілдерінің бәсекесі
Қостанай өңіріне белгілі ақын, журналист Тұрсын-Мәмет Бұқабаевты еске алуға арналған турнир өз мәресіне жетті. Тар алаңдағы тілшілер тартысы осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Доп додасына республикалық және облыстық БАҚ өкілдері қатысты. Бас-аяғы 6 команда күш сынасты. Олар екі топқа бөлініп өнер көрсетті. "Алау" ТРК, "Қостанай таңы" газеті, "Қазақстан-Қостанай-2" ОТРК командалары бір топта болса, "Қазақстан-Қостанай" ОТРК, "Нұрлы таң" газеті және республикалық БАҚ-тың өңірдегі меншікті тілшілері бір топта болды.
Жартылай финалда "Қостанай таңы" мен "Қазақстан-Қостанай" өзара бақ сынасты. Тыңғылықты дайындықпен келген телеарна жігіттері бұл жолы газет ұжымынан басым түсті. Финалға жолдама алған екінші команда – "Алау" ТРК. Олар жартылай финалда аймақтық-сараптамалық "Нұрлы таң" газетін жеңді. Сөйтіп, үшінші орынға таласта қос газет бақ сынады. "Қостанай таңы" газеті басым түсіп, қарсылас қақпасына жауапсыз үш гол тоғытты.
Ақтық бәсеке тартысты өтті. Жігіттер жанын салып бақты. Қос арна тілшілері бір-бір голдан соғып, жеңімпазды пенальти арқылы анықтады. Футбол лотереясында "Қазақстан-Қостанай" командасының бағы басым түсті. "Алау" екінші орынды қанағат тұтса, үштікті "Қостанай таңы" түйіндеді.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.