Еңбек ардагеріне құрмет
Қостанай ауданының Затобол кентiнде еркін күрестің ардагері Сәбит Омаровтың 70 жасқа толған мерейтойының құрметіне тәжірибелі жаттықтырушының жүлдесіне арналған облыстық турнир өткізілді. Байрақты додаға облыс орталығы, Қостанай ауданынан жүзден астам жас балуан қатысып, бақ сынасты. Тартысты өткен жарыста 21 жеңімпаз жас спортшы тұғырға көтерілді. Балуандарды марапаттау рәсiмiне облыстық еркiн күрес федерациясы басшылары мен спорт ардагерлерінің қатысқанын атап өту керек.
Сәбит Омаров 1949 жылы 4 каңтарда Ресейдің Түмен облысының Ялуторовский ауданында дүниеге келген. 1959 жылы елге көшіп келіп, 8 сыныпты бітіргесін Қостанай ауыл шаруашылық техникумының есеп факультетіне оқуға туседі. Білім ордасында жүріп куреске қатыса бастаған талапты бозбала жаттықтырушылардың көзіне түсіп, жарыстарда зор нәтижелерге қол жеткізді.
Сәбит Жанбатырұлы еліміздегі еркін күрестің дамуына айрықша еңбек сіңірген бапкер. Тек тәуелсіздік жылдарында ардагер балуанның баптауымен талантты спортшылардың тұтас бір шоғыры тәрбиеленіп шықты. Олимпиада тұғырына көтерілген спортшыларымыз – қазақ елін төрткүл дүниеге таныстырған саңлақтар. Олардың ішінде біздің қостанайлық спортшылар да бар. Сәбеңнің ізбасарларының арасында елге танымал спорт шеберi, белгілі жаттықтырушы Ө.Бекбосыновтан бастап, С.Оразбеков, Б.Жәкенов, Д.Кенжетаев, И.Мельник, Т.Исмағұлов, Х.Хасенов, Ө.Сәрсеновтерді ерекше атап өтуге болады.
Жалпы, Омаровтар әулеті күрес жағына қара жаяу емес. Сәбит ағаның інісі Оразғали мен ұлдары Жасұлан және Ерлан да талай жарыстарда топ жарып, жүлдегер атанып жүрген спортшылар.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ