Арзан өнімге қарық болды
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеге қала кәсіпкерлері мен іргелес жатқан ауыл-ауданның шаруа қожалықтары қатысып, қала тұрғындарына өз өнімдерін ұсынды.
Күз келіп, бау-бақша жинала бастаған бұл күні қалтаға ауыр тимейтін, қолайлы бағада өнім алуға келген тұрғындардың қарасы көп болды. Жәрмеңкеде сатушылар ұсынған өнім бағалары нарық бағасынан 20-30 пайызға төмен. Мәселен, сиыр етінің бір килограмы – 800-900 теңге, шошқа еті – 700-750 теңге, қой еті – 950-1000 теңге, жылқы еті – 1000-1100 теңге, үй құсының еті – 420 теңге, сүт және сүт өнімдері – 110-800 теңге, жұмыртқа – 100-110 теңге, зығыр майы – 150-250 теңгеден саудаланды. Жұрт, әсіресе ет пен картоп-пияздарды қалталап алып жатты. Себебі, базарға күн сайын келе берудің өзі уақыт пен жолақыны талап етеді.
Жалпы «Медеудегі» жәрмеңке қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің қолдауымен жиі ұйымдастырылып тұрады. Қалтаңызға қонымды, көңіліңізге жағымды бағада өнім аламын десеңіз, сенбі-жексенбі күндері аталмыш жәрмеңкеге баруыңызға болады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ