Бруцеллез дендеп барады

Облыстағы тағы бір шаруашылық  бруцеллез ошағына айналды. Жітіқара ауданындағы Приречный серіктестігінің 500-ге жуық асыл тұқымды мал басынан осы індет таяқшалары табылған.
«Приречный-Агро» серіктестігі директорының орынбасары Нұрдәулет Сұлтанғалиев  мал басын асылдандыру бағытындағы  ұзақ жылдарғы есіл еңбектің еш болғанына қапалы. Биыл шаруашылық иелігіндегі 2 мың ірі қараның  бес жүзге жуығы бруцеллез болып шықты.

СИЫРЛАР

          -Өте шығынға батып отырмыз. Асыл тұқымды бұқалардың тірідей салмағын бір мың тенгеден сатады. Ал  біз қазір 200 тенгеден беріп жатырмыз,-дейді  шаруашылық директорының орынбасары .
        Ерекше күтімдегі малға бұл кеселдің қайдан тап болғандығын ешкім дәл басып айта алмайды. Ветеринарлар мал бақылаусыз жүргеннен болуы мүмкін деген болжам жасайды. Ал шаруашылық мамандары оны жоққа шығарып отыр.
        –Мал болғасын  жүрмей тұра ма? Оның үстіне бұлар алысқа жайылады.   Көзбен көрмеген соң бәлен деп болжам айту қиын,- дейді  ветеринарлық станция басшысы  Марал Ыбырай.
        Нұрдәулет Сұлтанғалиевтің де бұған таңданыс білдіреді: «Мал жүретін аумақ түгел қоршаулы. Сырттан ешқандай мал кірмейді. Бөтен мал түгілі, адам баласы аяғын аттап баса алмайды. Ана жолы, сәуір айында ауру шыққанда дәрігерлер келіп тексеріп кеткен. Сонда өздері де дәл анықтай алмады».
         Көктемге салым  жекеменшіктегі  он шақты қара малдан бруцеллез табылыпты. «Бақсақ бақа екен» дегендей,  оны таратушы шаруашылықта жұмыс істейтін ветеринар  маман болып шыққан. Өйткені, оның  өзінен де, бағылымындағы бар малынан да жұқпалы індеттің белгілері анықталған.
        -Халықтың арасында бруцеллез белгісі анықталған  бір кісі шықты . Бұл өзі бізде бірінші рет тіркеліп отырған жағдай. Алайда, әлгі кісіні  екінші рет тексерткенде  ондай кесел анықталған жоқ. Жұрт та жаппай тексеруден өткізілді.  Демек, ауру адам жоқ деп батыл айта аламыз,-дейді Приречный ауылының әкімі   Нұрлан Оразалинов.
       Әзірге, республикалық жұқпалы ауруларға қарсы жасақ мамандары барлық малдардың қанын алып, қайта тексеріп жатыр. Ауру малдар толық анықталып, союға жіберілгеннен кейін ғана алып-сатуға қойылған тыйым алынып тасталады.  Ол үшін екі мәрте  тексерілген мал да,  табын да  таза болу шарт.
 
 
Айбек КӘДІРҰЛЫ
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓