«Есірткіге тәуелділікті азайтады»

Нашақорлар есірткінің әр граммы үшін түрлі қылмыстарға барып жатады. Бір есірткіқұмардың тәуліктік дозасы үшін орташа 50 АҚШ доллары қажет екен. Ал жұмыс істемейтін, наркологиялық диспансердің есебінде тұрған адам ондай ақшаны қайдан алады? Ұрлық-қарлық, тонау, адам өлтіру осыдан басталмай ма…
Есірткі тәуелділігінің алдын алу мен оны жою мақсатында дүниежүзі мемлекеттері аз бағдарламалар қабылдап жатқан жоқ. Бүгінгі таңда әлемде метадон немесе орын басу (алмастыру) терапиясы деп аталатын жоба қатарынан бірнеше жыл бойы жүргізіліп келеді. Естуімізше, сәтті бағдарлама. Ал мұндай шара біздің мемлекетімізде, соның ішінде Тобыл өңірінде қаншалықты деңгейде жүргізіліп келеді? Осы және басқа да сауалдарды облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері Владимир Михайленкоға қойған едік.IMG_4663
– Владимир Алексеевич, жалпы жоба жөнінде, оның республикамызға келуі мен таралуы туралы аз-кем айтып өтсеңіз.
– Бұл жоба БҰҰ бөлімшелері бастамасымен глобальдық қор болып дүниеге келген. Қазіргі таңда Қазақстанда ЫИТВ (ВИЧ) инфекциясына қарсы жәрдем бағдарламасы жүзеге асырылуда. ЖТИС (СПИД) орталықтары қаржыландырылып, есірткіге тәуелді жандарды емдеу шаралары жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні бұл емдеу шарасы қолдаушы орын алмастыру терапиясы деп аталып жүр. Мұндай әдіс Батыстың дамыған елдерінде жиырма жылдың көлемінде тәжірибеде бар. Біздің елімізге 2008 жылдан бері енгізілсе, қазір ол Қазақстанның 10 өңірінде қызмет етуде. Ал Қостанай облысында соңғы төрт жылдың көлемінде жұмыс істеп келеді.
– Ал метадон немесе орнын басу терапиясы нақты қандай нәтиже береді? Және бұл тәсіл қалай қолданылуда?
– Есірткіге тәуелділер арасында айналаға аса қауіп төндіретіндер бар. Олар негізінен ұзақ жылдар есірткі қолданғандар. Бұлардың қатарына тыйым салынған затты 2-3 жыл үзбей қолданғандарды жатқызуға болады. Ал ондай адамдардың ем қабылдап, мұндай дерттен арылуы өте қиын, тіпті, мүмкін емес деуге келеді. Олардың миына мұндай зардабы ауыр кеселден арылайын деген ой да келмейді. Міне, бұлар – өмірінің соңына дейін есірткіге байланып қалатындар. Ал солардың арасында D, C гепатиттері мен АИТВ инфекцияға шалдыққандары өте қауіпті. Енді қараңыз, есірткіге әрі тәуелді, әрі инфекция жұқтырғандар қашан да қатарларына жаңа адамдарды тартпай тұрмайды. Осылайша айналдырған аз уақытта олардың тобы бірнеше адамға толығып шыға келеді. Өкінішке қарай, бұлардың қатарын жастар толықтырып жатыр. Ең жаманы, әлгі нашақорлар тобы өз араларындағы «тәртіп» бойынша бір шприцтен екпе алу принципін ұстанады. Инфекция дәл осы сәттен жұғады. Ал метадон терапиясын енгізу арқылы АИТВ жұқтыруының таралуының алдын алу шарасы қолданылып отыр. Айталық, нашақор есірткі тәуелділігінен кете алмайды, бірақ мамандар оны басқа тәсілмен, яғни, сұйықтық түрінде ішетін метадон беру арқылы емдеуге көшті. Бұл әдіс, тіпті, есірткіге ұзақ уақыт тәуелді болғандардың өзіне көмектесіп қоймай, инфекцияның таралуына тосқауыл болуда. Оған дәлел – қазір методон немесе алмастыру терапиясы енгізілген елдерде АИТВ жұқтыру көрсеткіші анағұрлым төмендеп кеткен.
– Есірткіге тәуелділерді емдеудің белгілі бір уақыты, режимі бар ма? Олар осы орталықтан метадон қабылдап алып, далаға шыққасын, қайтадан «инеге отыруы» мүмкін ғой?
– Біріншіден, біздің орталық демалыссыз жұмыс істейді. Емделушілерді сенбі, жексенбі, мереке күндері  демей, қабылдай береміз. Екіншіден, сіз метадонның адам ағзасына қанша сағат әсер етеді дегенді сұрап отырсыз ғой. Айталық, есірткіні бір қабылдағанда, ол 4-6, кейде 8 сағатқа дейін әсер етеді. Нашақор тәулігіне 2-3 рет ине салады деген сөз. Ал метадонның қуаттылығы кем дегенде 24 сағат әсер етеді. Осы уақыт аралығында емделушінің ағзасы есірткіге тартпайды да. Тағы да айтамын, метадон әдісімен емдеу – жұқпалы дерттердің алдын алады әрі қылмысқа да тосқауыл болады. Мұндай кеселден арылу үшін есірткіқұмар алдымен шын ниет етіп, алдына үлкен мақсат қоя білу керек.
– Енді өңіріміздегі орталықтан ем қабылдаушылар туралы аз-кем айтып өтіңізші. Жалпы есірткі тәуелділігінен қол үзіп, өмірге, болашаққа үмітпен сенгендер, бір сөзбен айтқанда, беті бері қарағандар көп пе?
– Қазіргі таңда біздің тіркеуімізде 27 емделуші бар. Олардың орташа жас деңгейі 23 пен 30-дың аралығы. Барлығы тұрақты ем қабылдайтындар. Бүгінгі күні жасаған жұмыстарымыздың нәтижесі де жаман емес. Бір жағынан үнемі қызметіміздің сапасын тексеріп, қадағалайтын комиссия жиі келіп тұрады. Ал қызметімізді еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен бастап, Павлодардағы наркологиялық ғылыми-тәжірибелік институты, басқа да құзырлы органдар назарға алған. Емделушілердің бірқатары қазіргі уақытта жұмысқа да орналасып алды. Ал кезінде отбасымен ажырасып, кетіп қалғандар үйіне қайта оралуда. Бір сөзбен айтқанда, олар қоғаммен, ортамен табысып жатыр.
– Мұндай ауқымды емдеу шараларын қандай мекеме қаржыландырып отыр?
– Жоба жоғарыда аталған БҰҰ бөлімшелері бастамасымен құрылған глобальдық қор арқылы қаржыландырылуда. Бірақ келер жылдан бастап Ел Үкіметі бағдарламаны қаржылық жағынан қамтамасыз етуді өз мойнына алмақшы. Тағы бір айта кететін жайт, көбі осы метадон немесе орнын басу терапиясы арқылы нашақорларды емдеу шаралары үлкен шығын деп ойлайды. Сенсеңіз, мәселен, бір емделушінің тәуліктік дәрісіне 1 АҚШ доллары ғана жұмсалады. Қазір елімізде есірткіден емделуге тіркеуде тұрған 400 адам бар. Бұл көп емес әрі емдеу шарасына соншалықты мол қаражат та қажет етпейді. Ең бастысы, бағдарлама тоқтамай, республика көлемінде тарай беру керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓