Тұмау сейілмей тұр
Батпандап кірген коронавирус дерті мысқалдап шығып, әлі толық жойылып бітпей жатыр. Ковид өршіген кезде облысымыздың өзінде алпыс мыңға жуық тұрғын аталған індетпен арпалысты. Оның жеті мыңға жуығы – он төрт жасқа дейінгі балалар. Вирус ұшқыны әлі де бар. Оның үстіне тұмау да таралып жатыр. Осы туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымова айтып берді.
«Осы жылдың қазан айында коронавируске шалдыққан 103 науқас тіркелсе, қарашада оның саны 48-ге азайды. Әйтсе де желтоқсан айының алғашқы аптасындағы вирус инфекциясы анықталған науқастар саны 22 адамға жетіп отыр. Соңғы уақытта «цервер» атты жаңа штамм таралуда. Ерекшелігі, басқа штамдарға қарағанда ағзаға өтуі онша біліне бермейді. Вирусты енді жұқтырған адам бойында біртіндеп қызу білініп, әлсіреу сезіледі. Ондай жағдайда бірден жедел жәрдемге хабар беріңіздер. Қоғамдық ортада тұрғындардың түрлі жұқпалы инфекциялардың таралмауын тежейтін санитарлық, медициналық талаптарды сақтап жүргендері абзал», – дейді Гүлім Досымова.
Облыста тұмау дерті де өршіп тұр. Бірақ, өткен аптамен салыстырғанда 3984-тен 3898-ге азайғаны байқалды. Оның 151-і «В» түріне шалдыққан. Дәлірек айтқанда, Қостанай қаласында – 81, Рудный қаласында – 26, Қостанай, Алтынсарин аудандары бойынша 21, 23 адам осы дерттің түрімен тіркеліп отыр. 114-ті ересек адамдар болса, 38-і он төрт жасқа дейінгі балалар болып тұр. Тұмаудың бұл түрі (В) адамның иммунитетіне қарай қалыпты жағдайдан құбылмалы күйге өзгеруге қабілетті болғанымен, адамнан адамға ғана тарайды, «А» түріне қарағанда жеңілірек. Ағзасы дертпен күресуге қауқарсыз, жасөспірімдер мен қарттарға, жүкті әйелдерге жұғуы ықтимал.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлнар Оспанова екпеге қажетті жабдықтардың толық қамтылғанын айтады.
«Вакцинациялау науқаны 31 мекемеде ауысымсыз жүргізілуде. Екпе алғандардың саны бүгінде облыс тұрғындарының 61 пайызын құраса, 196 мың тұрғын қайта вакциналанды. Оның 36 мыңы үшінші қайтара вакцина алып отыр», – дейді бөлім басшысы.
А.Ғалымұлы