Мектеп – білім тірегі, ұстаз –оның жүрегі
Қостанай қаласының солтүстік-батыс шағын ауданында жаңадан қазақ тіліндегі №15 орта мектебі өзінің есігін салтанатты түрде айқара ашты. Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Жаңа білім ұясының ашылу салтанатына жиналған ата-аналардың да, ұстаздардың да, оқушылардың да құшақтары гүлге толы, көңілдері көтеріңкі, қуанышты.
– Бүгінгі мектептің салтанатты ашылуымен барлықтарыңызды құттықтаймын. Осындай мектепте ұстаздарымыз оқушыларымызға сапалы білім, саналы тәртіп беретіндіктеріне, оқушыларымыз елінің нағыз азаматтары мен азаматшалары болып өсетіндіктеріне кәміл сенемін. Өйткені өңірімізде білім алатын оқушыларымыздың пән олимпиадаларында, ғылыми және түрлі білім жарыстардағы білім жетістіктері орасан. Пән бойынша облысымыздың құрама командасы республикада ең үздік болып саналса, ал, нәтижесі бойынша екінші орында. Қостанайлық оқушылар жалпы білім беретін пән олимпиадасында бес алтын, бес күміс, он қол медаль жеңіп алды. Жерлесіміз Ұлы Ұстаз Ыбырай Алтынсарин «маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім- мектептің жүрегі» деп бекер айтпаған. Сондықтан ұстаздарымыз Ыбырай Алтынсариннің ұлағатты жолын жалғастырады деп ойлаймын,- деді өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі.
Салтанат аясында құттықтаулар айтылды, әсем әндер шырқалып, билер биленді. Ал, мектепке шақырған қоңырау соғылғанда, мектепке алғашқылардың бірі болып, екі-екіден қол ұстасқан бірінші сынып оқушылары кірді. Оқушылардың жолдарына «Ақ жол» деген жазуы ақ кілемше төселді.
Мектепті облыс әкімі аралап көрді. Ал, мектеп директоры Ділнара Сапанова сырдың исі әлі кетіп үлгірмеген сыныптармен, акт, спорт залдарымен, кітапханамен таныстырды. Аймақ басшысы асханаға кіріп, ас даярлайтын жабдықтармен жете танысып, өндірушінің осы құралдарға берген кепілдікті жарамдылық мерзімі бар ма сұрады. Білім саласының шенеуніктері асхана жабдықтарының 3 жылға дейін кепілдікті жарамдылық мерзімі бар екендігін айтты. Сол секілді сыныптарды аралай жүріп, сатып алынған оқу-құралдар жабдықтары қайдан сатып әкелінгенін де сұрады. Бір қуанарлығы сол, мектеп парталары, оқу-құрал жабдықтары жергілікті өндірушілердің өнімдері мен Қарағанды облысынан сатып әкелінген екен.
Спорт залы кең, жоғары жағында жанкүйерлер үшін ашық трибуна да бар. Мердігер сый ретінде мектепке музыкалық аппаратура сыйлады. Сонымен бірге облыс әкімі мектеп алды шағын орталық пен балабақшаны да аралады. Мектеп жобасының жалпы құны – 1,3млрд теңге. Мектептің қазандықтары автономды, газ пайдаланатын болады.
Ділнара Сапанова, мектеп директоры:- Қуанышымызда шек жоқ. Оқу-құралдарымыздың барлығы да заман талабына сай соны құралдар. Лингафон, мульти-медия кабинеттеріміз бар.Кітапханамыз, спорт залымыз, акт залымыз қандай. Оқушыларымыз толық. Айта кетерлігі сол, мектеп алды даярлық тобында 53 тәрбиеленушіміз, және де шағын орталықтағы екі топта 50 бала бар. Ал, 1-9 сыныпқа барлығы 358 оқушы барады. Оқушыларымыздың барлығы да осы шағын ауданның балалары. Ұстаздарымыз білікті, жоғары санатты. Жаңа оқу жылында жас мамандар да келді.
Айзада Серікова, ата-ана: – Осы шағын ауданда тұрып жатқанымызға он жыл болды. Енді міне, қазақ тіліндегі мектебіміз де ашылды. Бірінші сыныпка Гүлнәз есімді қызымыз барады. Қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Мектеп өте тамаша. Жарық, кең. Осындай мектепте білім алған оқушыларымыздың білім жетістіктері жоғары болады деп ойлаймын.
Гүлнәр Оразбаева, жоғары санатты педаг, математика пәнінің мұғалімі:- Өзіңіз көріп тұрсыз, мектебіміз зәулім, әдемі. Осындай мектеп сыйлаған Елбасымызға, жергілікті атқарушы органдарға алғысымыз шексіз. Бұл еліміздің көркейіп, экономикамыздың алға басқандығының бір көрініс деп айта аламын. Оқушыларымыз, педагогтарымыз пайдаланатын оқу-құралдарымыз заман талабына сай. Оқулықтарымыз да жеткілікті. Осындай мектепте оқушыларымыздың да білім жетістіктері де жоғары болады деп ойлаймын.
Гүлназым САҒИТОВА
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ