КӨМЕКШІМ – “ҚОСТАНАЙ ТАҢЫ”
Қазақ жазуының латын графикасына негізделген әліпбиге көшуі – елімізді рухани жаңғыртудың басты өзегі. Бұл күндері Елбасының қазақ тілін латын негізді жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі тапсырмасы нақты жүзеге асырылуда.
Тіл мамандары мен ғалымдар күш біріктіріп, көршілес елдердің тәжірибесін ескере келе, латын қарпіне көшу мәселесін зерделеді. Оның тиімді тұстарын анықтап, ұлтымыздың үнін сақтайтындай латын негізді әліпбиі қабылданды. Латын қарпі – болашақтың кілті десек, ал оған көшу еліміз үшін аса маңызды кезеңдердің бірі болатыны ақиқат. Елбасы айтқандай, латын графикасына кезең-кезеңімен өтуге басымдық беру жаңа әліпбиді терең меңгеруге жол ашады. Бұл тұста әрбір Қазақстан азаматы жаңа бастамаға бір кісідей жұмылып, қоғам болып үлес қосуы керек.
Осы орайда, облыстық "Қостанай таңы" газетінің ауқымды жобаларын атап өтуге болады. Елімізде алғашқылардың бірі болып, латын графикасына көшуді қолға алған басылым өз сайтында кириллицадан латын графикасына және керісінше аудару мүмкіндігі қарастырылған арнайы бағдарламаны іске қосты. Тиісті салаға жауапты министрлік "транслитерациялау бағдарламасын жасауға миллиондаған қаржы қажет" деп жатқанда, аталған басылымның бұл бағдарламаны бір тиын шығармастан-ақ, өз күштерімен жасап шығарғанын естідік. Білім ошақтарындағы қазақ тілі мұғалімдері үшін аталған бағдарламаның таптырмас көмекші болғанын редакция ұжымына қуанышпен жеткізгім келеді.
Өзге ұлт өкілдері көптеп шоғырланған орыс тілді мектеп оқушыларының бойына қазақ тілін сіңірудің оңай еместігін айта кеткен абзал. Жазуымыз латын графикасына ауысар тұста, олардың пәнге деген қызығушылығын арттырудың тіптен қиындай түскені жасырын емес. Оқушыларды өз сабағымызға баурап отыру мақсатында, түрлі бағыттағы жұмыстарды қолға алып, оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін пайдалануға тура келеді. Мұндай кездері "Қостанай таңына" жүгінемін. Басылым сайтындағы транслитерациялау бағдарламасы, "Көрген көзде жазық жоқ" айдары сабағымызды тиісті деңгейде өткізуімізге себепші болуда. Ал жаңа жылдан бері газетте шығарылып келе жатқан "Кел, емле үйренейік!", "Латынword" айдарлары жаңа әліпбиді жеңіл әрі жетік меңгеріп, латын қаріптерімен жасалған кроссворд, сканвордтармен алған біліміңді бекітуге үлкен мүмкіндік туғызып отыр.
Осы тектес істердің нәтижесінде, өзім қызмет атқаратын Физика-математикалық лицейдің төменгі және ортаңғы сынып оқушылары қалалық, облыстық деңгейде Қазақ тілі бойынша ұйымдастырылатын сайыстарда жүлделі орындарды иемденіп жүр. Қарапайым ұстаз бен орыс тілді оқушылардың осындай жетістіктерге жетуіне Ата басылымымыз себепші. "Қостанай таңы" газетінің мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында әлі талай жобаларды жүзеге асырарына кәміл сенімдімін!
Сабина Ақылбекқызы,
Қостанай қаласындағы
Физика-математикалық лицейдің
қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі