Тергеушінің қысымы салдарынан борышкер өз-өзіне қол жұмсады
Қостанай қалалық №2 сотында Қостанай қалалық ІІБ бұрынғы тергеушісі Антон Дидухқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығарылды.
Іс материалдары бойынша, 2015 жылдың ақпан айының басында азамат Г. өзінің танысы болып келетін Қостанай қаласы ІІБ-ның тергеушісі А.Дудихтан азамат К.-нің тұрғылықты жерін анықтауды және одан қарыз ақшаны беруге мәжбүрлеуді өтінеді.
Өтінішті қабыл алған Дидух азамат Г.-нің атынан К.-ні қарызын қайтармағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы жалған мәліметтер жазып, «Арызды қабылдады» жолына тергеуші ретінде өзінің қолтаңбасын қойған. Алайда, қасақана сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіміне арызды тіркемеген.
Осыдан кейін қарыз ақшаны қайтару күнін 2015 жылдың 8 ақпаны деп белгілеген. Алайда, ол күні берешегін қайтара алмаған азамат К. қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қорқып, өз-өзіне қол салуды шешкен.
2015 жылдың 09 ақпанында сағат 04.30. шамасында Мичурино ауылындағы тұрғын үйдің гаражында азамат К.-нің өлі денесі табылған.
Сол күні «Одноклассники» әлеуметтік желісіндегі анасының парақшасына К.-нің жазған хабарламасы табылған. Онда ол жексенбі күні, яғни, 08.02.2015 ж. күні қайтаруға тиіс қарыздарын бере алмағандықтан өзіне-өзі қол жұмсауға барғанын жазған.
Сот үкімімен Дидух Антон Александрович ҚР ҚК-нің 362 бабының 2 бөлімі бойынша айыпты деп танылып, оған айқын міндеттердің жүктелуімен пробационды бақылау белгіленіп, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.