Белсенді буын бас қосты

Маусым айының 6-8 аралығында қаламыздағы "Нептун" демалыс базасында "Біз XXI ғасырда бірге өмір сүреміз" атты халықаралық жастар фестивалі өтті. Дәстүрлі шараға Ақмола , Солтүстік Қазақстан және көршілес Ресейдің Қорған облысынан делегаттар қатысқан болатын.
IMG_5144
Белсенді буынның басын қосқан жиын алғаш 2002 жылы Қорған облысында ұйымдастырылды. Сол уақыттан бері жыл сайын қос облыста алма кезек өтіп отырады. Ауқымды шараның мақсаты – жас толқынның арасында бірлік, татулық, ұлтаралық келісім мен толеранттылық ұғымдарын насихаттау және жастар саясатын жүзеге асыруда көршілес облыстардан тәжірибе алу. Биылғы фестивальге жүзге жуық делегат келді. Қатысушылар үшін квест ойыны, түрлі тақырыптағы тренингтер, концерттік бағдарлама және би кеші ұйымдастырылды. Үш күндік шараға облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен балалар мен жастар ұйымдары қауымдастығы мұрындық болды. – Жастар – қоғамның айнасы. Аға ұрпақтың жалғасы, ел ертеңінің иесі де солар. Сондықтан жас толқынға барынша қолдау көрсету, демеу беру қажет-ақ. Фестивальдің негізгі мән-мазмұны осы,– деді Қостанай облыстық балалар мен жастар ұйымдары қауымдастығының атқарушы директоры Оксана Кнаус.
Ерлан Мусипов, Көкшетау қаласының делегаты:
– Бір жылдан бері Көкшетау қаласындағы жастар орталығында жұмыс істеймін. Бізде жұмысшы жастардың жағдайы жақсы. Жергілікті билік жас мамандарды жұмыспен қамтып отырады. Бір проблема болса, ол тіл мәселесі. Солтүстік өңір болғандықтан біздегі жастар қазақшаға шорқақтау.
Николай Дерягин, Қорған облысының делегаты:
– Көршілес жатқан қос облыс арасындағы шекара халықтың қарым-қатынасына шектеу бола алмайды. Себебі, мәселе ортақ, оны шешуде бірлесе әрекет еткен жөн. Біз жастарға сенім артамыз. Себебі, олар кез келген елдің болашағы. Артымыздан еріп, өкшелеп келе жатқан кейінгі толқын үшін өзге халықтың мәдениетімен, болмысымен танысу қызықты болмақ. Осындай басқосудан татулық пен толеранттылықтың мән-маңызын түсінетін болады.
Қымбат Досжанова
Суретті түсірген Айбек Жүзбай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓