WorldSkills Kazakhstan үздіктері
Жақында Астана қаласында WorldSkills республикалық чемпионаты өтті. Оның қорытындысы бойынша қостанайлық шеберлер үздіктер қатарынан көрініп, командалық есепте бірінші орынды иеленді.
WorldSkills International – бұл әлем бойынша техникалық мамандықтардың беделін және кәсіби дайындық стандарттарын жоғарлатуды мақсат тұтқан халықралық қауымдастық. Қауымдастық оған қатысушы елдер арасында кәсіби шеберлер арасында байқаулар өткізумен айналысады. Әр елдің ұлттық құрамасы қатарына 18 бен 22 жас аралығындағы жастар кіреді. Байқауда олардың 50 техникалық мамандық бойынша кәсіби дайындықтары сыналады.
Қазақстан 2014 жылы WorldSkills қауымдастығы құрамына кіріп, оның 70-і қатысушысы болды. Осыдан кейін ұлттық құраманы жасақтау үшін WorldSkills Kazakhstan жобасы жүзеге асырыла бастады.
Астанада өткен республикалық байқауда өңірлік чемпионаттардың жеңімпаздары бақ сынады. Бұл жону ісінің шеберлері, дәнекерлеушілер, кірпіш қалаушылар, сылақ және гипсокартон жұмысының мамандары, шаштараздар мен мейрамхана ісінің және ІТ-жүйесін басқарудың үздіктері.
Республикалық додада «Қостанай тұрмыстық қызмет колледжі» (шаштараз ісі) студенті Анар Жанбосынова 1-орынды жеңіп алды. Ал «Рудный тау-кен технологиялық колледжі» (жону ісі) студенті Байтемір Жұманазаров және «Қостанй политехникалық колледжі» (ІТ-жүйесін басқару) студенті Юрий Герасимов 2-орынды өзара бөлісті.
Ұлттық чемпионат жеңімпаздары 2015 жылы тамыз айында Бразилияның Сан-Паулу қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысады. Онда 72 мемлекеттен 1300 шебер сынға түседі.
Махаббат Бекбай
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков