Есімдері елеусіз қалмасын
Облысымыздың тыныс-тір-шілігінен хабардар етіп отыратын "Қостанай таңы" газетіндегі жаңа айдармен беріле-тін материалдарды үнемі қы-зыға оқимын. Соның ішінде есімдері елеусіз қалған талантты жерлестеріміз туралы соңғы кезде газет тілшісі Әлібек Ыбырайдың мақалалары ерекше қызығушылық танытады.
Қостанай-Торғай қашаннан бір ел еді, XX ғасырдың екінші жартысында аумақтық өзгеріске ұшырап, біресе бөлініп, біресе қосылып екі ұдай болып, бөлінгенде жатсынып, қосылғанда тосырқай қарасқандары да рас. Арадағы жиырма шақты жыл елдегі азаматтарға да, ұрпақ жалғас-тығына да әсер етпей қоймады. Дегенмен, Торғай-Тобыл өңірінің қашан да тарихы бір, есімдері қазақ елінің аясынан асып, алып империяның көлеміне жайылған тау тұлғалы азаматтар да осы елден шыққандығына дау жоқ. Сондай текті таланттардың бірі, Қа-зақстанның халық суретшісі, қылқалам шебері Молдахмет Кенбаев туралы "Суретші туралы сыр" – атты мақалада айтылғандай, дархан Торғай даласы дүниеге келтірген дарынды ұлды өзіміз ұлықтай алмай жүргеніміз шындығында елге үлкен сын. Өйткені, тарихын түгендеген, жақсысы мен жайсаңын зерделеген ел ғана мәңгілік ел бола алады. Біз сөз етіп отырған Молдахмет Сыздықұлы мен жұ-байы Зағила Оразханқызы екеуі де балалар үйінде тәр-биеленген екен. "Анамыз балет маманы еді, бірақ көп балалы болғандықтан кәсіби қызметке араласа алмады, бүкіл ғұмырын біздерді тәрбиелеп, жеткізуге арнады. Әкемнің анасы, әжеміз бізбен бірге тұрды. Қалада бес балалы отбасылар сирек кездеседі, біз үлкен жанұя болдық. Бү-гінде өздері де үбірлі-шүбірлі болған төрт ұл, бір қыздың барлығы да суретші мамандығын таңдап, олар әуелі Алматыдағы көркемсурет училищесін, кейіннен Т.Жүргенов атындағы театр-көркемөнер институтын бітірген. Мәселен, менің мамандығым шағын формалар суретшісі деп аталады, негізінен металлмен жұмыс істеймін. Әйгерім – гобелен маманы, Арман мен Арлан – станокты суретші, ал Айдар – қолтаңбалы өнермен, ағаш, мүсін жасаумен айналысады. Әкемнің Темірлан, Әліби деген екі немересі, Рамазан деген шөбересі бар. Тұрлығұл бабамыздан тараған ұрпақ шежіресін жатқа білеміз. Естеріңде болсын, Ар-ғын ішінде Шақшақ-Тұр-лығұл-Сүйіндік-Нұралы-Кү-семіс-Кәрібек-Кенбай-Сыздықтан тараймыз деп әкем үнемі айтып отыратын. Алла сәтін салып, дәм жазып, жол түсіп жатса, елге, Торғайға барып, ата-баба қорымына зиярат ету ойда бар", – деген болатын Алпамыс Молдахметұлы бір басқосуда. Бұл, елден жырақта туып, сыртта өскен ағайынның елді аңсап, сағынған риясыз сөзі еді. Өткен тарихымызды түгендеп, ұлы тұлғаларымыздың есімдерін қайта жаңғырту ұрпақ алдындағы аға буын өкілдерінің басты парызы. Торғай-Тобыл атырабында туып өскен таланттар шоғырын ортамызға қайта оралтып, елеусіз қалған есімдерін жалпақ елге паш етіп жүрген "Қостанай таңы" газетінің ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жақсының жақсылығын жамағатқа жеткізуден жалықпаңыздар.
Сұлтанғали ОСПАНОВ.
Қостанай қаласы.