«Жас әскер-2015» әскери-патриоттық слеті
Бүгін Қостанайда патриоттық бірлестіктердің слеті өтті. «Жас әскер-2015» әскери бағыттағы іс-шара өскелең ұрпақты Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге деген жауапкершіліктерін қалыптастыруға баулиды.
Бұл – Білім басқармасының ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылып отырған шарасы. Слеттің ашылу рәсімі Қостанайдағы «Жеңіс» саябағында өтті. Бұл жиынға жасөспірімдерге арналған облыстағы барлық әскери ұйымдар атсалысты. Ел қорғаған ерлердің есімі аталып, үлгі тұтар ерліктері айтылды. Әскери әндер шырқалып, жас жауынгерлер ант қабылдады.
Әскерлік-қолданбалы тәртіпті практикада игеріп, әскерге шақырылатын жастардың жігерлілік және физикалық қасиеттерін арттыру үшін слеттің берері көп болды. Жас буынның Отан алдындағы борышын өтеуге деген құлшынысын оятып, оларға әскери өнердің қыр-сырын үйретуде шараның маңызы орасан зор. Слет 17 және 19 қыркүйек аралығында Қостанай ауыданында орналасқан «Алтынгүл» балалар сауықтыру лагерінде жалғасын табады.
Бұл слеттің қорытындысы бойынша 2016 жылы өтетін «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиынға қатысатын үздік бірлестік анықталады.
Көрер көзге қызығарлық жастардың әскери жүріс-тұрысы, олар көрсеткен жаттығулар мен жауынгерлік ұрыс әдіс-тәсілдері көпшілікті тәнті етті. Жұртшылық жастардың қадамына ризашылықтарын білдіріп, үлкендері ақ батасын да берді.