Қатар жүрген қимас дос

Жомарт Мирасұлының рухымен сырласу
20140605190421 (1)

Жомарт Нұрғалиев

Жастық шақтың жалынды күндері құлын-тайдай бірге өскен, болашақ ғұмырға жоспар құрып, белгілі бір белестерге бірге  ұмтылған, қандай да болмасын табысқа жетсек бірге қуанған, өмір – өзенде әлдеқандай қиыншылықтар кездессе, бірге жеңген, бір-бірімізге бауыр басқан, қайран досым Жомарт-ай! Сенің қазаң қабырғаны қайыстырды, жүректі сыздатты, көзден жас парлатты…
Бұлай болар деп кім ойлаған? 29 қазан күні кешкілік қызмет орныма телефон соғып, жастық шақты еске алып, емен-жарқын әңгіме құрып едік-ау. Содан бірер күн өткенде сонау Көкшетаудан қаралы хабар жетеді деп кім ойлаған?..
Екеуімізді де есейткен, елге танытқан, халықпен етене араластырған комсомол еді. Оның алдында Қостанай педагогика институтында бірге оқып, білім шыңына бірге өрледік, оң-солымызды пайымдап, үлкен өмірге бірге қадам бастық. Бірақ комсомолдың жолы бір басқа, бұл жастықтың аты арындап тұрған, екпініміз тауды тіліп, тасты бұзар қайталанбас қимас шақ еді. Соңғы рет қоңырау шалғанда да сол бір думанды дәуренді еске алып едік-ау. Өйткені  сол  күн 29 қазан – комсомолдың  туған күні еді ғой. Бұл, әрине, өткен өмірді аңсау емес, жастық шақтың қайталанбас айшықты өрнектерін еске алу еді.
Қарасу ауданы комсомол ұйымының хатшысы   болған кезің өміріңнің ұмытылмас ерекше бір сәулелі сәті еді. Одан кейін талай жауапты қызмет атқардың, шаруашылық та басқардың, басқарма тізгінін де ұстадың, Меңдіқара, Әулиекөл аудандарында, Қостанай мен Көкшетау қалаларында әкім де болдың. Қандай қызмет атқарсаң да бойыңнан комсомолдық жалын мен жігер менмұндалайтын. Соның бәрі өзіңнің сабырлы да салқынқанды табиғи болмысыңмен ұштасып,  қолға алған ісіңнің жемісті аяқталуына бастайтын.
Бүгіндер сен қалдырған із Меңдіқара мен Әулие-көлде, облыс орталығы – Қостанайда сайрап жатыр. Сол аудандарда болып, туған қаламның саябақтары мен көшелерін аралағанда еріксіз еске түсесің, Жомарт досым!
Сендегі тектілік, тәрбие мен тағылым ата-анадан дарыған. Мирас ағамыз бен Күлтай апамыз нағыз мерейлі отбасы иелері.  Бала тәрбиесіне ерекше мән берді. Ауданда, облыста лауазымды қызметтер атқара жүріп, Мәкең өзінің ізбасар ұрпағын бір сәт те көзден таса қылмай, адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиеледі. Сондықтан да болар сен 17 жасқа жетер-жетпесте «Орқаш» кеңшарының құрылыс учаскесінде тер төгіп жүрдің. Інілерің де еңбекпен етене болды, көп алғысына бөленді.
трое

*Біз үшеу едік. Үш дос едік. Үш нояндай, үш танкистей тату едік… Сол достықтың бір белгісі осы сурет. Енді бұл да тарих.
Жанділдә Қожахметұлы, Сағындық Қабдырашұлы, Жомарт Мирасұлы.

Әкеден дарыған өнегені өз ұлдарыңа бердің. Құдайға шүкір, көзіңнің ағы мен қарасындай қос  құлының қатарынан кем болған жоқ, өз орталарына сыйлы, беделді, өркенді өрендер. Сен үлгіре алмаған  істі енді сол ұлдарың атқарады, олардың да әкесі сияқты ұлтының ерекше ұландары боларына сенемін. Қара шаңырағыңның тірегі – жан жолдасың Дәреже барда, өнеге көрген, тәлім-тәрбиелі ұрпақ барда, өзіңді білетін, құрметтейтін халқың барда сенің есімің ұмыт болмайды.
Досым менің, Жомартым! Сенімен қоштасуға, соңғы сапарға шығарып салуға келген таныс-бейтаныста сан болмады. Азалы жиынды басқарып тұрған менің даусым дірілдеп, көзім қарауытты. Сөйлеген жандар сенің қайталанбас тұлғаңды, кісілігің мен кішілігіңді жеріне жеткізе айтты. Облыс әкімі Нұралы Садуақасов та, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин де, Әулие-көл ауданының құрметті азаматы Сағындық Досмағамбетов те, Қостанай облысының құрметті азаматы Сайран Бұқанов та және басқалары да жан толқытты.
Сен халқының адал перзенті, өз әулетіңнің айшықты істерінің жалғастырушысы болдың. Сені біз құрмет тұттық, сенің нағыз зиялы адамға тән мінез-құлқыңа, сөз саптау мәнеріңе, жүріс-тұрысыңа тәнті едік. Сен көпшіл едің, кешірімді едің, достыққа адал, жолдастыққа берік, үлкенге қамқор, кішіге ізетті едің.
Қайталанбас, қатар жүрген дос туралы өткен шақта айту маған тым ауыр, дегенмен оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізден мәңгілікке орын алды, ол әрдайым есте сақталады.
Бүгін асыл азаматымыздың дүниеден өткеніне қырық күн толу қарсаңында оның отбасына, ардақты Күлтай апаға, жан жары Дәрежеге, бауырлары мен ағайын-туғандарына қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын.
Алдың жарық, иманың серік болсын, адал дос!
Жанділдә ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓