Тараздан басым түсті (БЕЙНЕБАЯН)
Ойынның алғашқы минуттарынан қостанайлықтардың басымдығы байқалды. Әдеттегідей «Тобылдың» австриялық легионері Томаш Шимкович көзге түсіп отырды. Алдымен, ол 3-ші минутта оң қапталдан Чиприан Дяктың берген пасын пайдаланып, соққы бағыттады. Дегенмен бағанадан сәл қиыс тепті. Есеп ашатын мүмкіндік Константин Дудченкода болды. Ол тараздық қорғаушылардың қателігінен соң қақпашымен бетпе-бет шығуға ұмтылған, бірақ сәл жылдамдық жетіспеген сыңайлы, қақпашы Григоренко допқа бұрын жетті.Екінші тайм басталысымен «Тобыл» футболшылары гол соғатын тамаша мүмкіндікке ие болды. Әлгі Шимковичтің жартылай соққы, жартылай пасын Досмағамбетов қақпаға тура бағыттаса да, Григоренко қайтарып жіберді. «Тобыл» шабуылы тоқтар емес. Сол жақтан суырылып шыққан Чиприан Дякті Илья Воротников шалып жығып, алғашқы сары қағазға ие болды. Іле-шала ойындағы екінші ескерту Т.Досмағамбетовке көрсетілді. Негізгі уақыт бітіп, төреші қосқан уақытта Дудченконың пасын голға айналдырған Ндиайе өз командасына жеңіс әкелді. Осылайша, Лотов бапкердің «Тобол» командасы қоржында үш ұпайды салды.