Шапағатын шашқан туынды
Ыбырай Заукенқажы Асан-ұлының "Шапағатын шашқан шаңырақ, Мәңгілікке апаратын жол" атты кітабы жарық көрді.
Бұл кітапта қарастырылып отырған негізгі мәселе – имандылық, тектілік. Автор осы тақырыпты түпкі негіз етіп алып ислам шариғаты мен мұсылмандық әдеп мәселелерін кең түрде ашып көрсетуді көздейді. Сол арқылы қалың көпшілік-оқыр-манға мұсылмандық әдеп ұстанымдардың үлгісі, өнегесі ретінде ұсынуға, ұстануға лайық, тәлім-тәрбиелік мәні зор, әрі аталған тақырыпты сан-алуан қырынан сөз ете отырып, терең ашып көрсететін хадистермен, қазақтың ру-тайпалық құрылысын танытатын шежірелермен танысуға, ғибрат алуға мүмкіндік береді. Қазақта шежірелер ата тегі туралы білімге сүйенеді, негізгі геналогиялық мазмұны ру-тайпалар көсемдері, рубасы есімдері аталады. Әйткенмен, әйел адамдардың да есімдері туралы мәліметтер шежіреде аз емес. Түркі даласынан табылған тас мүсін ескерткіштерінің өзінде де ер мен әйел адам қатар бейнеленген. Шежіре мәліметтері бойынша есімі белгілі әйел заттылар тарихта ақыл, ісімен әйгілі бол-ған адамдар. "Алып туса, анадан туады" деген даналыққа сәйкес, үлкен рулардың өзі әйел тұлғалардан туып, өніп-өсіп өрбіген. Кейбір қария сөздерде ана жұрты, нағашылар кім болғандығы жайлы жиі айтылады. Кейбір қазақ руларының аты ана есімінен, немесе ана есімі ұранға айналғаны да болған. Қазақ халқы "Ер жерді сақтайды, қыз ұлтты сақтайды" деген берік ұғымды ұғындыра білген. "Қыз – өрісің, ұл – қонысың", "Астың дәмін келтірген тұздан айналайын, елдің арасын қосқан қыздан айналайын", "құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық" деген нақылдар қазақтағы әйел затының орнын көрсетіп тұр. Әйел заты отбасы мен әулеттің тұтастығын сақтаушы болып табылады. Имандылыққа, тектілікке тәрбиелеу бүгінгі қазақ елінің алдындағы ең өзекті мәселе. Ал жас ұрпақтың жүрегіне имандылық дәнін сеуіп, оны одан әрі дамыту әрбір мұсылманның бірден-бір парызы болмақ. Әрбір мұсылман имандылық иірімдерін дінмен байланыстырғанда ғана түпкі мақсаттарына жете алмақ. Сондықтан да құран хадистерін, данышпан ақын-жазушылардың имандылық, адамгершілік туралы даналық сөздерін негізге ала отырып жазылған бұл кітаптың ұрпақ үшін маңызы зор.
Сара Арсаева,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының доценті.