Қыздармен сырласты

Дәстүрлі қазақ қоғамында әйелдің міндеті қандай, қазіргі заманның тәрбиесі қайда бағыттайды, ұлттық дәстүріміздің озығы мен тозығы қайсы? Осынау сауалдардың жауабы семинарда айтылды. Қыздар арасында өткен шараны Павлодардан келген тренер Ләззат Асқарова жүргізді. Оның айтуы бойынша, жастар отбасы ұғымын жеңіл қабылдайды. "Үйлену оңай, үй болуы қиын" деген аталы сөздің астарын жете түсінбейді. Ажырасудың белең алып бара жатқаны да сондықтан. Бала тәрбиесі де үлкен мәселеге айналуда. Өрімдей жастардың өзіне өзі қол жұмсауы, өмірге емес, өлімге қарай асығуы ата-ана тәрбие-сінің әлсіздігін білдірсе керек. "Уызына жарымаған" деген тіркес бар. Әке-шешенің мейіріміне зәру бала қатыгез болып өседі. Қазір көпшілік отбасылар бір-екі баламен шектеледі. Осының өзі балалар арасындағы суи-цидке жол ашып отыр. "Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар" дейді халық даналығы. Алдында ағасы, артында інісі бар баланың өлім туралы ойлап несі бар? Керісінше, көпбалалы отбасынан шыққан перзент бауырмал болмаушы ма еді?! Желкілдеп өскен ұл мен қыздың "сестра, братишка" деп сөйлей-тіні тағы бар. Жасы үлкенді "аға, тәте" деп атасақ құлаққа жағымды естілмес пе. Халқымызда ертеден қалыптасқан туыстық атаулары бауырмалдыққа шақырып тұр ғой. Мінекей, осынау ой семинар-тренингте айтылған болатын.
– Қазақта жетім мен жесір болмаған. Біз бабаларымыз ұс-танған бағыттан қалай айырылып қалдық? Қазір не көп жетім-дер үйі көп. Жүректі шымырлататын жағдай. Гендерлік саясаттың ұраны – теңдік. Ол бізге батыстан келген. Бізге гендерлік саясаттың қазақстандық үлгісі керек. Себебі біздің қоғамда ер адам әйелден бір саты жоғары тұрады. Отбасының тірегі – отағасы. Әйел оның қасындағы ақылшысы. Жастар осы ойды дұрыс түсінсе деймін. Отбасында көшбасшы болуға асығудың қажеті жоқ. Отбасы ер мен әйелдің жарасқан тірлігі, – деді павлодарлық тренер Ләззат Асқарова.
Үш күндік семинар-тренингте отбасы құндылықтары мен салт-дәстүр туралы дәріс оқылды. Студент қыздар аталмыш тақырыптар төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды. Ер мен әйелдің міндеті, қазіргі замандағы әйел бейнесі, ежелгі ертегілер мен ғашықтық жырларының мән-маңызы ойын түрінде түсіндірілді. Мұндай семинар осы уақытқа дейін Көкшетау мен Петропавл қалаларында өткен.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретте: семинарға қатысушы қыздар.