Құшағын жайған досындай
Облысымыздың тыныс-тіршілігін түгелдей қамтып, аптасына үш рет қалың оқырманына жол тартып отырған облыстық "Қостанай таңы" замана тынысын дөп басып, көптің көңілінен шығып келеді. Салмақты ой тастап, салиқалы пікір қалыптастыратын сақа газеттің ғасырға бет бұрған ғұмырында қаншама тарихи ақтаңдақтар ашылып, елге рухани азық болатын әдеби-көркем туындылар дүниеге келді десеңізші.
Қала, дала тынысын, ауыл-аймақ мәселелерін тереңнен толғап, байыпты жүйелеп, қоғамның дамуына саналы ғұмырын арнаған журналистер еңбегі қашан да зор құрметке лайық. "Жақсы сөз – жан азығы" дегендей, жақсы газет жаныңның дәрігері іспетті. Құлазығанға қуат беріп, мұңайғанға шабыт береді. Міне, біздің сүйіп оқитын төл басылымымыз "Қостанай таңы" осындай газет. Техника қанша дамығанымен, аталарымыз айтқандай, "үні тасқа басылып шығатын" айқара бетін ашқанда құшағын жайған досыңдай болатын, қолыңа алып сырласатын газетке ештеңе жетпейді. Сағынысып қауышатын салиқалы газетіміздің қаламызда күндері өтеді деген жағымды жаңалықты естігенде қатты қуандым. Жолың жарқын болсын, "Қостанай таңы"!
Тимур Ержанов,
кәсіпкерлер палатасының Арқалық қалалық филиалының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер.