Депозит бойынша өтемақы беріле ме?
Теңгемен ашылған депозит күймейді. Оның шығындарын өтеу бағдарламасы 5 қыркүйекте бекітіледі. Мұндай мәліметті республикалық ақпарат көздеріне Ұлттық банктің қаржылық қызметтi тұтынушылар құқығын қорғау жөнiндегi департаменттің директоры Александр Терентьев таратты. Айта кетейік, бағдарламаға ағымдағы жылдың 18 тамызына дейін теңгемен ашылған жеке тұлғалардың шұғыл депозиттері ғана ілігеді, – дейді банк өкілі.
Елбасы теңге бағамын еркін айналымға жіберуге қатысты шығынға ұшыраған теңгелік депозиттер бойынша өтемақы тетігін әзірлеуді тапсырған болатын. Соған сәйкес, арнайы құрылған комиссия бүгінгі таңда теңгемен ашылған салымдардың шығындарын өтеу бойынша бағдарлама әзірлеуге кірісіп кеткен. Яғни, 1 миллионға дейінгі барлық теңгелік депозиттер өтелетін болады. Ұлттық банк төрағасының пәрмені бойынша, құрылған жұмыс тобы 1 қыркүйекке дейін шығындарды өтеудің тетігін пысықтап, бекітуге ұсынуы тиіс. Ал 5 қыркүйек күні Ұлттық банк басқармасы осы бағдарламаны бекітеді.
«Ұлттық валютамен ашылған депозиті бар бірде-бір адам ұмыт қалмайды. Сондықтан жұмыс тобының құрамына екінші деңгейлі банк, қаржыгерлер қауымдастығы өкілдері кірді. Бағдарлама бекітілген соң, сіздерді толыққанды таныстырамыз. 1 миллион теңгеге дейінгі барлық теңгелік депозиты бар азаматтардың барлығының жағдайы ескеріледі», – деген еді Ұлттық банктің өкілі.
Комиссия теңгенің долларға шаққандағы жаңа бағамы бойынша айырымын шығарады. Әйтсе азаматтар бұл қаражатты қалаған уақытында ала алмайды. Ол сома кем дегенде бір жыл өз шоттарында сақталуы шарт. Жалпы экономистер қарапайым халықтың басым бөлігінің депозит көлемі 1 миллион теңгеге жетпейді дегенді алға тартады.
Біз осы жоғарыдағы мәселеге орай Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Қостанай филиалының директоры Мираш Жұмашевпен хабарласқанымызда бағдарлама бекітілген соң нақты ақпарат беретінін және алдағы аптада белгілі болатынын жеткізді.
Мұнан кейін «Тұрғын-үй жинақ банкінің» Қостанай облыстағы филиалынан да дәл осындай жауап алдық.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ