Торғайда обсерватория ашылды
Торғай жерінде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин ашқан қара шаңырақ қазақ мектебіне былтырғы жылы 150 жыл толды. Осы мерейтойға арнайы Қамысты ауданының “Алтынсарино” ЖШС-нің директоры Борис Павлович Князов құны екі миллион теңге тұратын телескоп тарту еткен болатын. Ал, биылғы жаңа оқу жылының бірінші күнінде осы мектеп жанындағы обсерваторияның ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты жиынның құрметті қонақтары “Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы” мекемесінің басшысы Жанділдә Мақанов, сыйлықтың иесі Борис Князов және Жанкелдин ауданының әкімі Асқарбек Кенжеғарин ашылу лентасын қиды.
Борис Павлович алғаш Торғай өңіріне 1984 жылы келгенін және бұл өлкенің сұлу аспанын көріп тамсанғанын жасырмады. Аспан денелерін бақылаушы телескопты сыйға тартқандығының бірден бір себебі осы екендігін де айтты.
Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысы Жанділдә Қожахметұлы мен Жанкелдин ауданының әкімі Асқарбек Ахметбекұлы жаңа оқу жылында мектеп ұстаздары мен оқушыларына жаңа табыстар, шығармашылық шабыт, оқуда озат болуларына тілектестік білдірді.
Гүлім ЫСМАҒҰЛ,
Жанкелдин ауданы
Бұл бір игі бастама болған екен! Тарихи сәт! Жанділдә Мақанұлы біртуар азамат екендігін істерімен танытып жүр! Аман болсын жанашыр ағаларымыз!