Біздің сүйікті дәрігер

Медицина-жауапкершілігі мол, жүгі ауыр сала. Ыждағаттылық пен шыдамдылықты, төзім мен парасаттылықты талап етеді. Тіршілік үшін күресте адам жанын ажалдан арашалауға асығатын да дәл осы саланың мамандары.
IMG_3933
Қостанай қаласындағы №3 емхананың бас дәрігері Манарбек Ахметов ғұмырының 25 жылын денсаулық сақтау саласына арнаған. 1988 жылы Семейдегі медициналық институтын "Емдеу ісі" мамандығы бойынша бітіріп, Рудный қаласындағы тері-венерологиялық диспансерінде "Дерматовенерология" мамандығы бойынша интернатурадан өтеді. 1989 жылы Қамыстыдағы аудандық ауруханаға дерматолог болып жұмысқа орналасады. Кейін Талдыкөл селолық дәрігерлік амбулаториясында, Қамысты аудандық емханасында, Рудныйдағы қалалық емханада бас дәрігер болып жемісті қызмет етті. Мамандығына деген адалдығы мен мол тәжірибесінің арқасында 2010 жылы Қостанай облыстық ауруханасында ұйымдастырушылық-әдістемелік жөніндегі бас дәрігердің орынбасары болды. Еңбек жолын ауылдан бастаған Манарбек Ахметов бүгінде облыс халқының сүйікті дәрігеріне айналған. – Біздің әр күніміз күреске толы. Ол – өмір үшін күрес. Біздің міндетіміз – шипа іздеп келген нау-қастың сеніміне қаяу түсірмей аурудан айықтыру. Кейбір науқас дәрігердің бір ауыз жылы сөзіне зәру болады. Сондай сәтте демеп жіберсеңіз адамның тіршілікке деген құштарлығы артады, – деді дәрігер Манарбек Ахметов. Кейіпкеріміз 2013 жылдан бері Қостанай қаласындағы №3 емханада бас дәрігер болып қызмет етуде. Жаңа ұжымға келгелі бері емханада ауыз толтырып айтарлықтай игі істерді қолға алды. Бас дәрігердің бастамасымен емхана ішіне жөндеу жұмыстары жасалып, жаңадан медициналық құрылғылар сатып алынды. Денсаулық сақтау мекемесіндегі қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін қарт адамдарға жеке тіркеу бөлімін ашты. Келер жылдың шілдесінде аяғы ауыр келіншектерге арналған тіркеу бөлімі де ашылмақ. Манарбек Ахметов білімді маман, тәжірибелі басшы. Өзінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ізденіс үстінде жүреді. 2007 жылы Қарағандыда "Денсаулық сақтауды басқарудың заманауи мәселелері" мамандығы бойынша қайта даярлау курсынан және "Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент" мамандығы бойынша біліктілікті арт-тыру курсынан өтті. 2013 жылдың қараша айында "Әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтау ұйымы" мамандығы бойынша ең жоғары біліктілік категориясын алды. Ақ халатты азамат әр жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыс әкімінің Алғыс хаттарына және Құрмет Грамоталарына ие болды. 2003 жылғы 10 желтоқсанда халықтың денсаулығын сақтауға қосқан үлесі үшін "Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі" төсбелгісімен наградталған. Өз ісінің маманы, білікті дәрігер Манарбек Ахметов жуырда "Мамандығы бойынша үздік" конкурсының облыстық кезеңінде жеңіске жетіп, республикалық сайысқа жолдама алған болатын. Аталған байқаудың қорытынды кезеңі 13 маусымда Астана қаласында өтеді. Он төрт облыс және Астана мен Алматының ақ халатты абзал жандары бақ сынайтын дәріжелі додада біздің дәрігердің бағы жанса дейміз.
СУРЕТТЕ: №3 емхананың бас дәрігері Манарбек Ахметов.
Қымбат Досжанова
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓