Жұмыскерлердің құқығы қорғалды
Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау прокурорлардың басты назарына алынған. Қарабалық аудандық прокуратурасы ауданның кәсіпорындарында және ұйымдарында, еңбек қатынастары саласында күн сайын мониторинг жүргізуде. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен брифингте Қарабалық ауданының прокуроры Ермек Бақаев хабарлады.
-2015 жылдың алты айында аудан прокуратурасы жүргізген тексеру кезінде еңбек заңнамасы бойынша 148 заңбұзушылықты анықтадық. Аудан бойынша 27,7 млн. теңге еңбекақы қарыз өтелді. Атқару қорытындысы бойынша 4 ұйғарым енгізіліп, 2 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 1 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 313 азаматтың конституциялық құқығы қорғалды, -деді Қарабалық ауданының прокуроры Ермек Бақаев брифингте.
Мәселен, «Сана-Агро» жауапкершілік шектеулі серіктестігінің 105 жұмысшының алдындағы берешегі 3 155 998 теңгеге жеткен. Сондай-ақ, еңбек демалысы бойынша төленетін төлемақы 1 337 212 теңге. Тексеру кезінде аталған серіктестіктің барлығы 4 493 210 теңге қарызы бар екені анықталды. Берешекті өтеу мақсатында 2015 жылдың 12 наурызында аудан прокуратурасы аталған серіктестік директорына осы жылдың 17 наурызына дейін заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым енгізілді.
Еңбек заңнамасын бұзған «Сана-Агро» ЖШС басшылығы 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, ҚР ӘҚБК 87-бабы, 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ