Бостандықтың қадіріне жетпей…
Қарабалық ауданында тәртіп сақшылары «Қадағалау» жедел алдын алу шараларын өткізді. Мақсат – сот үкімімен айыбын бостандықта өтеуші қылмыскерлердің тәртібін бақылау.
Полицейлер «олжасыз» қалмады. Шартты жазадағы Лесной ауылының 36 жастағы тұрғыны бас бостандығынан айырылатын болды. Жазасын еселеп алуға не себеп? Ұрлықпен тұзаққа түсіп, кейін аудандық соттың шешімімен айыбын еркіндікте жүріп өтеуге мүмкіндік алған азамат «семіздікті» көтере алмаса керек. Қоғамдық орында ішімдік ішіп, тұрғындар берекесін алып жүрген жерінде тәртіп сақшыларына бірнеше рет ұсталып, ескерту ғана алып, рақым жасалып келіпті. Шыдам шегіне жеткенге ұқсайды…
Шара барысында шартты-мерзімнен бұрын босатылғандар мен жазасын өтеп шыққандар бақылауға алынып, 7 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Ж.Балғынбекұлы