Қос ауданда құрылыс қарқынды
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласындағы Береке және Қонай шағын аудандарындағы тұрғын үйлердің құрылысын тексерді. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Облыс әкімі әуелі Береке шағын ауданына ат басын бұрды. Мұнда қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр. Тұрғын үйлерді 2022 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Одан кейін аймақ басшысы 50 метрлік бассейн құрылысының барысымен танысты. Құрылыс алаңы 3775,3 шаршы метрді құрайды, бассейн ваннасының көлемі – 50-де 12 метр. Бұл олимпиадалық стандарттарға сәйкес келеді. Бассейн сағатына 100 адамды қабылдай алмақ.
Мұнан соң А.Мұхамбетов Қонай шағын ауданындағы тұрғын үйлердің құрылыс барысын тексерді. Мұнда да жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Өткен жылы Қонай шағын ауданында 19 тұрғын үйдің құрылысы басталған еді. Осы жылы тағы 11 тұрғын үйдің құрылысы басталып, 2022 жылы аяқталмақ.
Облыс әкімі аталған шағын аудандардағы орта мектептердің құрылыс барысымен де танысып шықты. Мәселен, қазір Береке ауданында 980 орындық, ал Қонайда 900 орындық мектеп салынып жатыр.
Іссапар соңында өңір басшысы облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мен Қостанай қаласының әкімі Қ.Ж. Ахметовке жоспарлы жұмыстарды сапалы және уақытылы аяқтауды тапсырды.