Ел тірегі – Астана
Сүйікті Елордамыз Астана күніне орай қалада көптеген іс – шаралар өтуде. Соның бірі – №2 Облыстық ғылыми – әмбебеп кітапхананың оқу залындағы "Астана – жаңаның жаршысы, тәуелсіздігіміздің табысы" атты көрме. Онда бейбітшілік пен достықтың қаласы атанған Астананың тарихы, даму кезеңдері, сұлу да, әсем салынған ғимараттары мен ғажайып сарайлары жайлы мағлұматтарға толы кітаптар қойылған.
– Әр елдің болашағын айқындайтын тарихи кезеңдері болады. Сондай кезең – астанамыздың Алатау баурайынан Сарыарқа төсіне көшірілуі. Астана Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен батыл шешімінің арқасында бой көтерді. Астана мен Елбасы – егіз ұғым. Астананың күн санап көркейіп, өсіп өркендеуі – мемлекетіміздің абыройы. 1998 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астанаға "Бейбітшілік қаласы" жоғарғы атағы берілді. Бұл атақ қалаға қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі де қуатты өсуге, тұрақты экономикалық қатынасты орнатуға қол жеткізді. Астана арқылы қазақстан өзінің жаңа отауын тікті. Астана – тәуелсіздіктің перзенті. Астана – жаңа әлемдегі Қазақстанның жарқын бейнесі. ЕҚЫҰ саммиті, діни форумдар, дүние жүзі қазақтарының құрылтайы сияқты алқалы бас қосулардың Астанада өтіп жатуы – Қазақ елін күллі әлемнің танығаны. Тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің жүрегіне айналған Астанамыз асқақтай берсін! – дейді аталмыш бөлімнің кітапханашысы Кенжегүл Молдахметқызы. Ел тілегі өзіңде. Жарқырап жайнай бер, ару қала – Астана!
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы