Сарыкөлдің тынысымен танысты
Алтын дәнді ауданымызға ат басын бұрған Таран ауданы редакциясының ұжымы Сарыкөлдің тыныс-тіршілігімен танысты.
Аталмыш ұжым қызметкерлері алдымен, «Сарыкөл» газеті редакциясына арнайы келіп, әріптестік кездесулерінің кіріспесін осы жерден бастады. Одан кейін біздің ұжым қызметкерлерімен бірге «Достық» саябағына бас сұғып, ондағы оң өзгерістерге өз көздерімен куә болып, асықпай аралады. Содан соң орталық «Жеңіс» саябағына соғып, алаңдағы ауқымды атқарылған жұмыстармен танысып, ауған соғысының ардагерлеріне арнайы қойылған ескеткіш тақтаны тамсана тамашалады. Жалпы, аудан орталығы алыстан ат терлетіп келген мәртебелі меймандардың көңілінен шықты. Осылайша, өңірдегі оң өзгерістерге оң бағаларын беріп, берекелі жерде бірлікті ту етіп тұрып жатқан тұрғындарға тікелей жүрекжарды тілектерін білдіріп, өз өлкелерімен мақтана алатындықтарын ауыздарынан бір елі тастамай, айырықша атап айтты.
Сондай-ақ, әріптестер сұлулықтың сырын ұқтырған Сарыкөлдің сәнді сәттерінде суретке түсіп, естен кетпес ерекше әсер алып, тарқасты.
Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы