Затобол кентінде «Астана» спорт кешені ашылды
Бүгін Қостанай ауданының Затобол кентінде жалпыхалықтық мереке – Астана күніне орай «Астана» спорт кешені ашылды. Оған Қостанай өңіріне жұмыс сапарымен келген ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков, облыс әкімі Нұралы Садуақасов және басқарма басшылары қатысты.
– Міне, өздеріңіз көріп отырғандай Затобол кентінде Астана күнінің қарсаңында тамаша спорттық ғимараттың тұсауы кесілді. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы стратегиялық саясатының нәтижесінде жүзеге асып жатқан «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында қол жеткен табыстардың бір көрінісі. Енді осынау әсем спорттық ғимаратта затоболдықтар бұқаралық және кәсіби спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік алды. Осы ғимаратта шыныққан спортшы ұландар ертең облыстық және республикалық жарыстарда жақсы жетістіктер көрсетеді деген үміттемін,– деп Нұралы Садуақасов өңір халқының спорттық әлеуетін арттыруға жаңа нысанның қомақты үлес қосатынын жеткізді. Спорт кешенінде футбол, волейбол, ганбол алаңдары, 2 күрес, жаттығу залдары бар. Ғимараттың құрылысы былтыр басталған. Мердігер «СЫЛ» ЖШС-нің директоры Гагик Ованенян нысан құрылысын уақытынан бұрын аяқтаған. Мердігердің айтуынша, жаңа спорт сарайына 316 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған көрінеді. Облыс әкімі Н.Садуақасов Астана күні қарсаңында ашылған әсем ғимаратқа құр қол келмепті. Ол спорт кешенінің басшысына көрімдік ретінде 1 700 000 теңгенің сертификатын табыстады. Сондай-ақ, бүгін Затобол кентінде ауыл күні тойланып жатыр. Халық кешкілік ауыл орталығындағы алаңға жиналып, көркемөнерпаздардың концертік бағдарламасын тамашалайды. Одан әрі өңір басшысы 90 жасқа келген соғыс және тыл ардагері Надежда Афанасьеваның шаңырағына ат басын бұрды. Кейуананы туған күнімен құттықтап, сый-сияпат жасады.
Нұрболат Мешітбаев
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков