Теріскей аймақтың тілшілері тренингтен өтті
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі, Әкімшілік жұмысының кестесіне түзету енгізілуіне байланысты, өңірлік БАҚ үшін және әлеуметтік медиадағы жергілікті атқарушы органдар жұмысының мәселелері жөніндегі семинар-тренингін өткізді.
Көкшетау қаласында өткен аталмыш семинарға Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының тілшілері және әлеуметтік медианы белсені пайдаланушылар, сондай-ақ әкімдік қызметкерлері қатысты. Семинар-тренингтің Көкшеде өткізілуінің себебі бар. Мұнда ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-нің филиалы ашылды. Айта кетелік, бұл қызмет әуел баста ҚР мемлекеттік органдарының транспаренттілігін арттыру және қоғамды мемлекет жұмыстары туралы ақпаратпен қамтамасыз етіп отыру мақсатында құрылған. Көкшетау – ОКҚ филиалы ашылып отырған жетінші өңір. Осыған байланысты, семинардың көтеріп отырған жүгі – филиалдардың қалай жұмыс істеуі керектігімен тілшілер қауымы мен ішкі саясат бөлімдері мамандарын ақпараттандыру, даярлау.
Семинар-тренингтің алғашқы күні әлеуметтік медиаға арналды. Белгілі блогер Мәдина Баймұханова сайтпен, әлеуметтік желілермен жұмыс істеудің тетіктері туралы дәріс оқыды. Ізінше түсіндірілген тақырыптар бойынша практикалық тапсырмалар беріп, қатысушыларды ширатып алды. Желі тұтынушыларына ақпараттың өтуіне, жеке сайттың ілгерілеуіне қажетті тәсілдер мен әдістемелер айтылды.
Ал екінші күн тыңдармандар үшін одан әрі қызықты өтті деуге болады. «Ақпараттық жұмыстарды ұйымдастырудың базалық тәсілдемелері» атты тақырыпта ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-нің қос бірдей маманы кезектесе сабақ жүргізді. Ақпараттық жұмыстардың заманауи технологиялары терең дәріптеле түсті. Дәрістердің өзектілігі – ел мүддесін, мемлекет саясатын, ұлттық жоспарларды қоғамдық пікірмен ұштастырудағы, дағдарысқа қарсы күрестегі ақпараттық ресурстардың рөлін айқындау. Елбасы саяси платформасына халықты жұмылдыруда БАҚ атқаруы тиіс міндеттерді белгілеу. Тағылымды сабақтардан соң тыңдаушыларды топ-топқа бөліп, тапсырмалар берілді. Қайбір топ та аз уақыт ішінде жұмысты орындап, ұшқыр ойлы, жан-жақты білімді, идеяға бай екендіктерін байқатты. Мәселен, ең қызықты болған тапсырмалардың бірі – баспасөз клубын өткізу. Ойдан шығарылған төтенше жағдай төңірегінде тыңдаушылар «тілшілер» мен «құзырлы мекеме өкілдері» болып бөлініп, брифингтер өткізіп көрді. Тосын жағдайда тосылып қалмады. Ұйымдастырушылардың қошеметін алды, айтқан түзету сынын да қабыл етті. Тренинг соңы өзара сұрақ-жауаптарға ұласты.
Қорытындысында, ОКҚ мамандары өңірлерден келген семинар қатысушыларына тренингтен өткендігін растайтын сертификаттар табыс етті. Семинарға келушілердің барлығы да ұйымдастырушыларға алғыстарын жолдап, үйреніп-білгендерінің көп болғанын айтысып жатты. Мамандар мұндай тренингтің болашақта солтүстік өңірдегі өзге де қалаларда жалғасын табуы мүмкін екенін айтты.
Жандос Жүсіпбек