Елбасымызға сенейік!
Серік РАХИМОВ
Облыстық Л.Толстой атындағы кітапхананың ағаш шебері:
Қазір елімізде АҚШ долларының күрт көтеріліп кетуіне байланысты “енді бәрі қымбаттайды, сонау алғашқы нарық жылдарындағы жағдай болады” деген қарапайым халық арасында дүрлігу болып жатыр. Мен де сол қарапайым халықтың бірімін. Бірақ, мен өз басым бұған қатты қобалжудың қажеті жоқ деп санаймын. Себебі, егемендік алған алғашқы жылдары ел басына қиын-қыстау кезең туғанда да Елбасымыз халықты сабырға шақырып, небір нәубатты бастан кешкен қазақ елінің бұл қиыншылықты да еңсеретінін айтқан еді. Бұған халқы да сенді. Елбасымыз да айтқан сөзінде тұрды.
Бүгінде еліміз әлемдегі дамыған елдердің қатарынан көрініп, жиырма бес жылдың ішінде қаншама игілікті істер атқарылды. Сондықтан, аз ғана жылдың ішінде аяғынан тік тұрған жас мемлекетіміз үшін бүгінгі қиындықтардың да оңайға соқпасы анық. Әйтсе де, бұған да төзімділік пен шыдамдылық таныта білуіміз қажет. Себебі, Елбасымыздың қазіргі әлемдік экономикалық қаржы дағдарысынан да елдің әлеуетін төмендетпей, экономикамызды құлдыратпай, қиын кезеңнен алып шығатынына кәміл сенемін. Теледидардан көріп, естіп жатырмыз, Президент үкімет басындағыларға қаржы дағдарысының 5-6 жылға созылатындығын, бірақ та оның қарапайым халыққа, зейнетақы, жалақыға кері әсер етпеуі керектігін қадап тапсыруда. Сондай-ақ, доллардың өсуіне байланысты азық-түлік өнімдерінің бағасының көтерілмеуіне де жол берілмеуі тиістігін, ол үшін арнайы штаб құру керектігін де айтып жатыр. Олай болса, қарапайым халықтың алаңдауына негіз жоқ деп ойлаймын.
“Сабыр түбі – сары алтын” деген, сондықтан сабырлылық пен сенімділікті серік етейік, ағайын. Мұның бәрі уақытша қиындықтар екенін ұмытпай, ең бастысы, тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын деп тілейік!