Зердің жайын зергер білер
Зергерлік – түп-тамыры әріде жатқан ежелгі өнер. Қолөнердің осынау түрі ұрпақтан ұрпаққа қанмен беріледі деседі. Темірден түйін түйген қас таланттардың шеберлер отбасынан шығатыны да сондықтан. Қолөнердің құдіретін бала күнінен біліп өскен жандардың бірі –Сәрсенбай Әбсалықов. Кейіпкеріміз жастайынан сақина соғуға машықтанып, бүгінде ата кәсіптің арқасында нәпақасын тауып отыр.
Сәрсенбай Әбсалықовтың әкесі Ғалым да шебер кісі. Кезінде күмістен әшекей бұйымдар соғып, мәсі тіккен. Жасы келген соң бұл кәсіпті қойды. Әрі көзі де нашар көреді. Бүгінде әке жолын баласы жалғап отыр. Мұндайда халқымыз "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" демес пе еді.
Сәрсенбай қазір Қостанай ауданына қарасты Жамбыл ауылында тұрады. Әулиекөлде жеті жарым жыл токарь болып еңбек етті. Қазір тек қана қолөнермен айналысады. Қыз-келіншектерге арналған сырға, сақина, шолпының түр-түрін жасайды. Әсіресе құсмұрын мен құдағи жүзікті сәнді етіп соғады. Зергердің айтуынша, тапсырыс берушілердің қарасы үзілген емес. Керісінше, уақыт өткен сайын ұлттық нақыштағы әшекейге сұраныс артуда.
Кейіпкеріміздің қолына күміс түссе болды үйіне қарай асығады. Тезірек әдемі әшекей жасамайынша көңілі бір орнықсашы. Күміс теңгені қашап, күйдіріп, созып сақина дайындайды. Бір сақинаны жасауға қаншама еңбек кетеді десеңізші…
Халқымызда "Зердің жайын зер соққан, зергер білер" деген сөз бар емес пе?! Көз сүйсіндірер әшекей бұйымдардың қандай еңбекпен жасалатынын қолөнер шеберінің өзінен сұрағанымызда:
– Зергерлік өнер төзімділік пен шыдамдылықты, ептілік, ыждағаттылықты талап етеді. Қолдың күшімен, күректің ұшымен қопарып тастайтын ауыр жұмыс емес. Төмен қарап отырған қалпы алақандай затты әдемі етіп шығару керек. Бұл іс адамның көңіл-күйімен тікелей байланысты. Сондықтан, өзім де көңілім ауғанда сақина соғуға кірісемін. Жұмысқа жан-тәніммен берілген сәтте жасаған дүнием әп-әдемі болып шығады, – деген болатын.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретте: зергер Сәрсенбай Әбсалықов.
Суретті түсірген автор.