Бізге берік сенім керек
Бәтіш БАЕКЕНОВА,
«Қостанай таңы» ЖШС бухгалтері:
Қазіргі уақытта әлем экономикасы күрделі жағдайды бастан кешіп отыр. Әлемнің жетекші салаларында экономикалық өсу қарқыны төмендеуде. Сондай-ақ, шикізат пен тауарлдың әлемдік бағаларын құлдырауы жалғасуда. Бұл ахуал біздің елді де айналып өтпесі анық. Десек те Қазақстан Үкіметі ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін төл теңге бағамының еркін айналымын қамтамасыз ету сияқты нақты қадам жасап отыр. Үкімет бұл жауапты қадамға экономиканы күшейтіп, тәуелсіздігімізді сақтау үшін барғанын Елбасының өзі айтты емес пе. Ендеше қарапайым халықтың алаңдауына негіз жоқ.
Қазіргі жағдайға барынша сабырлылық танытқан жөн. Сондай-ақ теңге бағамының еркін айналымға жіберілуі мен құнсызданудың аражігін ажырата білу керек. Үкіметтің шешімін басқаша ұғынып, адасушылыққа бой алдырудан сақ болайық. Эмоциялық көңіл-күйге берілген адамның ақылдан, сабырдан айырылып, әркімнің жетегінде кетіп қалуы оп-оңай. «Ашу-дұшпан, ақыл-дос» деген халық даналығы бар емес пе.
Тәуелсіз қазақ елі осы күнге дейін талай сынақтардан өтті. Осы жолғы ахуал да өз жөнімен бір арнаға түсері анық. Мұндай уақытта жұдырық болып жұмылып, білек сыбанып еңбек етейік. Ел үкіметіне сенім білдіріп, Мемлекет басшысының үндеуін бір ауыздан қолдайық.