Ұлт көсемін қорлауға жол жоқ!

IMG_0592БайтурсыновОнсыз да қызыл империяның талауына түсіп, тірі күнінде қорлықты аз көрмеген Ахмет Байтұрсынұлының есімі тәуелсіздік алғалы қайта оралып, Алашты бір қуантып еді. Ел болып, Қостанайдың қақ төрінде еңселі ескерткіш орнаттық. Бұл орын жүрегі Қазақ елі деп соғатын әрбір отандасымыздың рухани орнына айналуы керек еді, алайда…
Айдың-күннің аманында ұлт көсемінің тас бейнесін шимайлатып қоярдай не көрінді басымызға?! Бабамызға көрсеткен сыйымыз осы ма?   Басқа-басқа, ескерткіштегі шатпақтарда дәл қаракөздеріміздің есімдерінің "қасқайып" орын алғанына ішің удай ашиды екен: "Дана, Сабина, Диля, Айару, Аружан, Әлия, Адай Жанақаев, Әділбек Қалиасқарларды" қандай тәрбие көрді деп айта аламыз? 
Осы сұмдық көріністі Қостанайдың орталығындағы саябақтың полиция бекетіне хабарлайын деп барсам, есіктері жабық жатыр. Ұрғылап ем, ар жағынан ұйқылы-ояу сержант есік ашты. Өзін Азамат Сағындықовпын деп таныстырған тәртіп сақшысы "ол объект (ескерткішті айтады) бізге қарамайды, Жедел басқару орталығының бейнекамерасының бақылауында" деді.
Саябақ әкімшілігіне барғанымда, олар да "ескерткіш біздің аумағымызға қарамайды, оны қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен біліңіз" деп шығарып салды. Қалалық ТКШ бөліміне барып, жөн айтатын ешкімді жолықтырмадым. Әйтеуір не керек, ескерткіштің қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарайтыны белгілі болды. Бөлімге қоңырау шалып, жағдайды хабарладық. Олар тез арада шимай жазуларды жоятынын жеткізді.
Не керек, осы шатпақ жазуларды көрген күніміздің ертеңінде ескерткіш айнадай тазаланып қалыпты. Әрине, бұл жайтты "Қостанай таңы" газеті мәселе қылып көтеріп, араласқаннан кейін қолға алынғаны мәлім. Тиісті орындардың да жалма-жан қимылдағаны байқалады. Алайда, мұндай рухани орындарымыз белгілі бір мекемелердің құзыретінде, солар ескерткішке толық жауапты деген пікірден арылып, қайта ұлт көсемінің аруағын сыйлау әрбіріміздің борышымыз екенін ұмытпағанымыз жөн, ағайын!
  Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суретті түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓